«Жәнібек ақ»: Әлімханұлының менеджері боксшының болашағы жайлы айтты

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлына қатысты допинг дауына байланысты оның менеджері Берік Сұлтан ресми мәлімдеме жасады.
Менеджердің айтуынша, алынған сынамадан тыйым салынған заттың табылғаны өкінішті жағдай болғанымен, бұл нәтижеге басқа да факторлар әсер етуі мүмкін. Қазіргі таңда мамандар істі жан-жақты зерттеп, заттың ағзаға қалай түскенін анықтаумен айналысып жатыр.
«Жәнібек ешқашан тыйым салынған препараттарды қолданбаған. Біз бұған толық сенімдіміз. Қазір промоутерлер, менеджерлер мен заңгерлер бұл мәселе бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр», – деді Берік Сұлтан.
Оның сөзінше, қазіргі кезеңде Жәнібек Әлімханұлы мен командасы тарапынан қосымша әрекет жасау мүмкін емес, тек ресми шешімді күту ғана қалды. Уақытша шеттетілу мәселесі бойынша барлық заңды қадамдар қарастырылып жатыр.
«Қайғырып отыра бергеннен ештеңе өзгермейді. Біз бұл кезеңнен де өтеміз», – деп түйіндеді менеджер.
Айта кетейік, допинг сынамасының түпкілікті нәтижесі мен ресми шешім 23 қаңтар жариялануы керек.