Мемлекетке миллиардтаған теңге қарыз: ең ірі борышкерлер кімдер?

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock, бильд-редактор: Серикжан Ковланбаев

Мемлекеттік кірістер комитеті 150 АЕК-тен асатын салық қарызын 4 айдан бері төлемей жүрген компаниялар тізімін жариялады. Бұл тізімде 16 мыңнан аса компания бар. Ең аз салық берешегі 65 мың теңдеген басталатын болса, ең қомақтысы 111 млн теңгеден асады.

Болат Назарбаевпен байланысы болған компания

Тізім басында 111,5 млрд теңге берешегімен «Ai-To Progress» ЖШС тұр. Бұл компанияның негізгі қарызы 63,5 млрд теңгені құраса, өсімпұлы – 48 млрд теңге. Компания Алматыда тіркелген, оның негізін қалаған әрі алғашқы басшысы – Дәурен Молдағалиев.

Аталмыш компания бірнеше жылдан бері борышкерлер тізіміндегі көш бастап келеді. Құрылғанына 17 жылдан асқан компанияны кейбір басылымдар марқұм Болат Назарбаевпен байланыстырады. Сол жылдары BN DEC SERVICE деп аталып, құрылтайшылар құрамында Назарбаевтың өзі болғанын жазады.

kompra сайтының дерегіне сәйкес, компания 2019-2020 жылдары қомақты салық төлеген. 2022 жылғы салығы 500 млн теңге болып одан кейінгі жылдары салығын аудармаған. Ал 2024 жылы банкроттыққа өтініш бергенімен, сот оның өтінішін кері қайтарған.

Салық берешегі бойынша екінші орында TEX ALLIANCE компаниясы орналасқан. Компанияның төленбеген қарызы 96,5 млрд теңгеден асады. Салық берешегі 17,4 млрд теңге болса, сол берешектің өсімпұлы 79,7 млрд теңгеге жеткен. Жалғыз иесі – Азатам Жанұзақов.

Бұл екі компания да көтерме сауда саласында жұмыс істейді. 2022 жылы Бас прокуратура оларды Қытайдан заңсыз тауар кіргізумен айналысқан ұйымдардың тізіміне енгізді. Сол кезде компаниялардың мемлекетке келтірілген залалды өтегені хабарланған.

Букмекер компаниясының борышы – 95 млрд теңге

Құмар ойын және бәс тігуді ұйымдастыратын «Alpha-bet» (Альфа-Бэт) серіктестігінің мемлекет алдындағы салық борышы 95 млрд теңгеден асқан. Оның 42,6 млрд теңгесі негізгі берешегі болса, 52,5 млрд теңгесі – өсімпұлы. Букмекердің жарғылық капиталының жалғыз иесі – Velora Group LTD.

Назарбаевтың қарындасына тиесілі компания борышын төлемей жүр

Тізімде төртінші орында тұрған Group of the Companies TDA компаниясының қарызы 92,3 млрд теңге деңгейіне жеткен. Кейінгі үш айда қарызы 2 млрд теңгеге өскен.

Қарыздың 52,9 млрд теңгесі негізгі салық болса, қалған бөлігі – өсім мен айыппұлдардан құралады. Компания Алматы маңындағы Шамалған ауылында тіркелген және әртүрлі тауарларды кезектесіп көтерме сауда арқылы өткізумен айналысады.

Компанияның меншік иелері қатарында тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қарындасы Әнипа Назарбаева және компания басшысы Әли Қылышбаев бар.

Тізімдегі тағы бір букмекерлік компания

Қарыз көлемі бойынша бесінші орында OLIMP KZ букмекерлік кеңсесі тұр. Оның салық берешегі 85,6 млрд теңгеге жеткен. Соның млрд теңгесі негізгі салық төлемдеріне тиесілі. Компания иесі – Анарбек Жауыров.

Алтыншы орынға көтерме саудамен айналысатын GB Invest ЖШС жайғасты. Кәсіпорынның салық берешегі 47,2 млрд теңгені құрайды, оның 25,8 млрд теңгесі – негізгі қарыз. Каскелеңде тіркелген компанияның жалғыз иесі әрі басшысы – Наджиб Файез. Бұған дейін Бас прокуратура GB Invest-ті заңсыз саудаға қатысы бар деп мәлімдеген.

Forbes тізіміндегі миллиардердің компаниясы мемлекетке қарыз

Жетінші орындағы «Кастинг» ЖШС. Компанияның қарызы 19,8 млрд теңгеге жеткен, оның ішінде 8,6 млрд теңгесі – негізгі борыш. Кәсіпорын түрлі-түсті металдарды құю, қара металл қалдықтарын өңдеу және зергерлік бұйымдар өндірісімен айналысады.

Компанияның ортақ иелері – Рашит Сәрсенов, Эдуард Креймер және Йонга Белегингсматсаппей. Forbes дерегінше, Рашит Сәрсеновтің отбасы 970 млн доллар байлығымен Қазақстандағы ең бай кәсіпкерлердің арасында 9-орында тұр.

«ҚазГерСтрой» бірлескен кәсіпорны 9,7 млрд теңге қарызымен тізімнің сегізінші сатысында тұр. Соның ішінде негізгі берешегі 4 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын құрылыс пен бетон өндірумен айналысады. Оның жалғыз құрылтайшысы – Bereke Astana Group ЖШС. Бұл компанияның тең иелері қатарында Айдар Лазаров пен Бауыржан Нұрсұлтан Қайратұлы бар. Бұған дейін Бас прокуратура «ҚазГерСтрой» компаниясы жол құрылысы кезінде шамамен 43 млрд теңгені жымқырды деп хабарлаған.

Мемлекетке қарыз компаниялар ондығында «Тұран Агро Ет-Сүт» ауыл шаруашылығы кооперативі бар. Компания Түркістан облысы Сайрам ауданында орналасқан. Кооперативтің мемлекет алдындағы берешегі 6 млрд теңге, соның ішінде 4,3 млрд теңгесі – негізгі қарыз. Ұйымның тең иелері – Музаффар Умаров, Махаммаджон Ануарбеков, Шерәлі Балтабеков, Илхамжан Абдираимов және Шухрат Ирисметов.

Ал алғашқы ондықты «БАС Карьер» ЖШС түйіндейді. Компанияның қарызы 4 млрд теңгені, оның ішінде негізгі салық берешегі 2,3 млрд теңгені құрайды. Құрылтайшылары: «БАС» сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС мен Марат Сапарғалиев. Ал «БАС» сауда-өнеркәсіп компаниясының жалғыз иесі – көмірді ашық әдіспен өндіретін Sigardes Limited компаниясы.

Сондай-ақ оқыңыз