Жеке деректерді таратып жібергендерді қылмыстық жауапкершілікке тартпақшы

Қазақстанда жеке деректерді таратып жібергендерді қылмыстық жауапкершілікке тартуы мүмкін. Үкімет отырысында ЖИ және цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкин осылай деп мәлімдеді.
«Дербес деректердің жаппай тарап кетуі үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізуді ұсынамыз. Цифрлық трансформация азаматтардың қауіпсіздігіне нұқсан келтірмеуі керек. Ал жеке ақпаратқа жауапсыз қараудың кез келген фактісі заңның бар қатаңдығымен жазалануы керек», – деді вице-министр үкімет отырысында.
Коняшкин сөзінше, енді жеке деректерді қорғау және құпиялылығын сақтау мақсатында кез келген ақпараттың сыртқа жариялануына қатаң тыйым салынатын «нөлдік төзімділік» саясаты енгізіледі. Бұл дегеніміз ақпарат қандай жолмен таралып кетсе де (қасақана немесе абайсыз), ауыр жаза қолданылады.
Ал қауіпсіздік талаптарын орындамағандарға салынатын айыппұл көлемі артып, 5000 АЕК-ке (21 625 000 теңге) дейін жетті.
Жыл басында ЖИ министрі Жаслан Мәдиев те дербес деректерін қорғауға қойылатын талаптар күшейтілгенін айтқан еді. Енді деректердің тарап кеткені үшін әрбір мекеме басшысы жеке жауапкершілік арқалайды.