Шымкентте көшеде төбелесіп, екі адамды пышақтаған күдіктілер ұсталды

Шымкентте көшенің қақ ортасында жанжалдасып, 2 адамды пышақтап, бірін ұрлап кеткен 4 күдікті ұсталды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлады.
«Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлерімен жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде адам өлтіру және бұзақылық қылмыстарына қатысы бар күдікті төрт ер адам анықталып, ұсталды», – делінген полиция хабарламасында.
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Қазіргі уақытта жедел-іздестіру шаралары жалғасып жатыр.
Оқиғаға қатысты «Адам өлтіру», «Бұзақылық» және «Адамды ұрлау» баптарымен қылмыстық іс қозғалған.
Кеше Шымкентте жолға талас соңы төбелеске ұласып, екі адам пышақ жарақатын алған. Күдіктілер жарақат алған 40 жастағы ер адамды көлікке салып, алып кеткен. Ұзамай оның денесі Ордабасы ауданы Темірлан ауылынан табылған. Ал пышақталған екі адамның бірі №1 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген. Оған ота жасалған, қазір жан сақтау бөлімінде ем алып жатыр. Жағдайы ауыр.
Бейресми ақпаратқа қарағанда, іске қатысты 5 адам күдікті ретінде танылған.