Айбек Байназаров жиырма жыл бұрын ақымақтықпен жасаған ісіне өкінетінін айтты

Экс-жайдарманшы, актер Айбек Байназаров «Шәй әңгіме» подкасында осыдан 20 жыл бұрын пойызда болған бір оқиғаны баяндап беремін деп, сынның астында қалды. Бейтаныс қызды мойнынан сүюге ұмтылғанын еске алған Айбекті желі қолданушылары дереу кәнсілдеуге кірісті. Ол аздай күні кеше шыққан «Көз тимесін» фильміне бармауға шақырып жатқандар бар.
«Қыздардың сезімін құнсыздандырмауымыз керек»
Хейттің астында қалған Айбек және «Көз тимесін» фильмінің ұжымы осы оқиғаға қатысты түсіндірме жасады.
«20 жыл бұрын осы әрекетке барғаным үшін қатты өкінемін. Мұндайды енді қайталамауға, түзелуге уақытымды арнадым. Соны күлкі қылып, әзілге айналдырғаным үшін де өкініп отырмын. Мұндайға жігіттердің баратынын, қыздардың қатты қорқатынын білем. Енді осындай ұятсыз әрекетке қарсы насихаттаймын. Қыздардың сезімін, жан айқайын құнсыздандырмауымыз керек. Барша қыздардан басымды иіп кешірім сұраймын», – деп жазды Айбек «Көз тимесін» фильмінің ресми парақшасына.
«Жақсыгенді шақырған емеспіз»
Ал фильм ұжымына Байназаровтың сөзіне қатысты ғана емес, Нұрсұлтан Жақсыгенді алдын-ала көрсетілімге шақырғаны үшін де жұрт тарапынан наразылық туып жатыр. Жайдарманшы Жақсыген әйелімен ажырасқаннан кейін экс-жұбайы туралы түрлі өсек-аяң шығарып, жаман сөз айтып балағаттап кәнсілге ұшыраған еді. Оған қоса, істеген қылықтарына еш ұялмай, әлі де бұрынғы жұбайын сөзбен «түйреп» жүргеніне көпшілік қарсы шыққан. Ұжым жаңа шыққан «Көз тимесін» фильміне Нұрсұлтанды шақырмадық деп отыр.
«Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты: біз киноға шақырған емеспіз. Ресми мәлімдеме! Алдын-ала көрсетілімдерге келгендер біледі: ол Астанада да, Алматыда да болған жоқ!» деп жазды парақшаға.
Фильмнің маркетиңі мен промосына жауапты Зарина Муслим Нұрсұлтан Жақсыген өзі бекіткен тізімде болмағанын айтады.
«Менің ескі жазбаларымды көрсеңіздер, оған деген позициямды білесіздер. Мен де, киноның командасы да оны ешқашан қолдаған емес», – деді Зарина Муслим.
Подкаст жүргізушісінің кешірім сұрауы
Кәнсілдің бір жұрнағы подкаст жүргізушісі Дархан Оспановқа да тиді. Оқырман Байназаров қызға қалай тиіскенін әңгімелеп отырғанда жүргізушінің қарқылап күлгеніне шүйлікті. Осыдан соң подкаст авторы қыз өсіріп отырған әке, адам, ел азаматы ретінде зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қарсы екенін мәлімдеді.
«Түсірілім және монтаж кезінде оқиғаның соншалықты қорқынышты контекстін байқамай қалғаным үшін басымды ие кешірім сұраймын. Видеода күліп отырғанымды еш нәрсемен ақтауға келмейді, себебі бұл жағдай күлкілі емес, керісінше өте қорқынышты. Бұл норма емес! Аталмыш оқиға 20 жыл бұрын болса да, қоғамда бұл әлі де өзекті мәселе», – деді ол.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Айбек Байназаровтың пойызда бейтаныс қызға тиісіп, мойнынан сүймек болғаны туралы жазған едік.