Павлодарда банк тонағандар Грузия мен Арменияда жасырынуы мүмкін

Қазіргі уақытта Halyk Bank бөлімшесін тонауға қатысы бар екі күдіктіге іздеу жарияланған. Күдіктілер Грузия мен Арменияда жасырынған.
Kazinform ақпаратына қарағанда, күдіктілер қылмыс жасағаннан кейін бір тәулік ішінде Қазақстан аумағынан шығып кеткен. Екі аптадан соң олардың бесеуінің жеке басы анықталып, ұсталған. Алайда жұмыс мұнымен аяқталған жоқ.
«Аталған қылмыс бойынша өзара іс-қимыл әлі де жүзеге асырылып жатыр. Жуырда Павлодар облысы департаментінің қызметкерлері біздің деректеріміз бойынша осы қылмысқа сыбайлас ретінде қатысы бар адамдар болуы мүмкін Грузия мен Армения елдеріне іссапармен барды», – дейді Павлодар облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов.
Оның сөзіне қарағанда, бұл мемлекеттер тарапынан жан-жақты құқықтық көмек көрсетілген. Қажетті тергеу іс-шаралары сол жерде жүргізілді.
Сондай-ақ, полиция қылмыстық істің не себепті Ресейге берілгенін түсіндірді. Өйткені, күдіктілер – көршілес мемлекеттің азаматтары. Сондықтан олар Қазақстан тарапына экстрадицияланбайды. Олар қылмыстық жауапкершілікті Ресей заңнамасына сәйкес өтейтін болады.
Барлығы шамамен 40 жәбірленуші анықталған. Олардың басым бөлігі Павлодар облысында тұрады.
Еске салайық, 2024 жылғы 10-нан 11 қарашаға қараған түні белгісіз адамдар Павлодар қаласындағы Halyk Bank бөлімшесінің қабырғасын бұзып кірген.