МӘМС-тегі былық: депутат Базарбек экс-министрлердің жауапқа тартылуын талап етті

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: kursiv.media архиві

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі қаражатты жымқыру деректері бойынша Бас прокуратураға өтініш әзірлеп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, даулы шешімдер қабылданған кезеңде қызметте болған бұрынғы министрлер мен вице-министрлер жауапкершілікке тартылуға тиіс.

Бақытжан Базарбек осы аптада МӘМС жүйесіндегі заңбұзушылықтарға қатысты Бас прокуратураға ресми өтініш жолданатынын айтты.

«МӘМС бойынша құқықтық баға берілмеген фактілер бар. Солардың барлығы бойынша осы аптада Бас прокуратураға өтініш жібереміз. Яғни бүгінгі таңда жауапкершілікке тартылмаған тұлғалар бар. Олар қазір МӘМС жүйесінде жұмыс істемейді, алайда жауапқа тартылуы тиіс. Қаражат жымқырылды, енді әділдік орнап, кінәлілер тиісті жазасын алуы керек», – деді депутат.

Сондай-ақ мәжілісмен салалық министрліктің бұрынғы басшылығының әрекеттеріне құқықтық баға беру қажет екенін атап өтті. Оның сөзінше, сол кезеңде қабылданған шешімдер МӘМС жүйесіндегі жағдайға тікелей әсер еткен және ол жауапсыз қалмауға тиіс.

«Менің ойымша, қазіргі жағдайда бұрынғы министрлер мен бұрынғы вице-министрлер жауапкершілікке тартылуы тиіс. Себебі дәл солардың тұсында бұл бұйрықтар қабылданған және оларды жою бойынша ешқандай шара қолданылмаған. Мен қазіргі министрді ақтап отырған жоқпын, алайда ол біздің сынымызға құлақ асып, біз сынға алған олқылықтарды жойды. Ең кемі, ол нақты қадамдар жасап жатыр. Егер бұл мәселе осы деңгейде шешілмесе, біз бұл бойынша да мәселе көтеретін боламыз», – деді депутат Мәжіліс кулуарында.

Айта кетейік, Ұлттық Құрылтай кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында ауқымды қаржылық заңбұзушылықтар бар екенін мәлімдегенін еді. Мемлекет басшысы тіркелмеген қызметтерді қосып жазу, құжаттарды қолдан жасау және денсаулық сақтау саласына рекордтық көлемде қаржы бөлініп жатқан тұста бюджет қаражатының талан-таражға салынуын атап өткен.

Ал жуырда Астанадағы екі жеке клиниканың басшысы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 682 млн теңге ұрлады деп күдікке ілінді.

Сондай-ақ оқыңыз