Импортқа тәуелділік күшейді: депутат азық-түлік туралы заң ұсынды

Елімізде ауыл шаруашылығы дамығанымен, негізгі азық-түлік тауарлары бойынша импортқа тәуелділік сақталып отыр. Бұл туралы депутат Жигули Дайрабаев Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жолдаған сауалында айтты.
Депутаттың сөзінше, Еуразиялық экономикалық одақ аясында отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласының бәсекеге қабілеттілігі төмендеп, кейбір бағыттар бойынша шетелден келетін, субсидияланатын өнімдердің қысымына ұшырап отыр. Бұл жағдай азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіреді.
«Сонымен қатар, климаттың өзгеруі, су тапшылығы, жаһандық геосаяси тұрақсыздық пен логистикалық тізбектердің үзілуі жағдайында азық-түлік қауіпсіздігі бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Мұндай жағдайда мемлекет бұл мәселені тек салалық бағдарлама немесе уақытша шаралар арқылы емес, нақты заңнамалық негізде шешуі қажет. Осы тұрғыда, Мәжілістегі «Ауыл» партиясы фракциясы бастамашы болып отырған «Азық-түлік қауіпсіздігі туралы» заң жобасын қабылдау – уақыт талабы деп есептейміз», – дейді Дайрабаев.
Депутаттың пікірінше, аталмыш заң жобасы:
Бірінші, азық-түлік қауіпсіздігін мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде айқындауға;
Екінші, ішкі нарықты қорғаудың нақты әрі тиімді тетіктерін қалыптастыруға;
Үшінші, отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерін жүйелі қолдауға;
Төртінші, өндіріс, өңдеу, сақтау және өткізу тізбегіндегі теңгерімсіздікті жоюға бағытталған механизмдерді заң жүзінде белгілеуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның Ресейден келетін азық-түлікке тәуелділігі артып бара жатқаны жайлы жазған едік.