Елде фармацевтика саласында 670-тен аса жаңа жұмыс орны ашылады

Елде төрт фармацевтикалық зауыт салынады. Басты мақсат – фармацевтика саласында отандық өндіріс үлесін арттыру.
Денсаулық сақтау министрлігі мен «АлтИНФАРМ» ЖШС, «МСП-РОМФАРМ» ЖШС, «Абди Ибрагим Глобал фарм» ЖШС және «Нобел Алматы фармацевтика фабрикасы» АҚ арасында инвестициялар туралы келісім жасалды.
Бұл жобаларға тартылған инвестицияның жалпы көлемі – 173 млрд теңге.
Осылайша келешекте 356 дәрі-дәрмек түрі елде өндіріледі. Ішінде онкологиялық аурулар мен қант диабетін емдеуге арналған дәрілер, вирусқа қарсы, антианемиялық, ауырсынуды басатын, қабынуға қарсы, суық тиюге қарсы және микробтарға қарсы препараттар бар.
Жаңа кәсіпорындар Алматы қаласында (екі жоба), сондай-ақ Түркістан және Алматы облысында салынады.
Алматыдағы бір зауыт «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында салынады. Ол жерде 54 дәрі шығарылып, 60 жаңа жұмыс орны ашылады.
Қаладағы екінші кәсіпорында жаңадан 200 адамға жұмыс орны ашылады. Ол жерде де 53 препарат шығару жоспарланған.
Алматы облысында 76 дәрілік зат шығару жоспарланып отыр. Жоба аясында кемінде 150 жұмыс орны ашылады.
«МСП-РОМФАРМ» ЖШС жобасы бойынша фармацевтикалық зауытты Түркістан облысындағы TURAN арнайы экономикалық аймағында және Алматы облысындағы өндірістік алаңдарда салу көзделген. Жоба аясында 101 препарат өндіру жоспарланған. Шамамен 265 жұмыс орны ашылады», – делінген ақпаратта.
Алайда ел үкіметі төрт жоба нақты қашан іске қосылатынын хабарламады.