Боранбаевқа тиесілі жекеменшік футбол клубы Алматы бюджетiнен жүздеген миллион алады

«Қайрат» футбол клубы Алматы қаласының бюджетінен қаржыландырылып келеді. 2026 жылы аталған клубқа 750 млн теңге бөлінген.
BES.media ақпаратына қарағанда, бұл қаражат Премьер-лига командасының және клубтың бүкіл құрылымының қызметін қамтамасыз етуге жұмсалады. «Қайрат» ФК штатында 103 қызметкер бар.
УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне тарихта алғаш рет шыққан «Қайрат» клубына шамамен 20,2 млн еуро (шамамен 12 млрд теңге) көлемінде төлем алуға кепілдік берді. Meta-ratings сайтының дерегінше, бұл соманың негізгі бөлігі – 18,5 млн еуро – Чемпиондар лигасының кезеңіне қатысқаны үшін берілетін тұрақты төлем.
2012 жылдан бері «Қайрат» футбол клубын кәсіпкер Қайрат Боранбаев басқарады. Осы кезеңде команда 4 рет Қазақстан чемпионы атанып, ел кубогын 10 рет, Суперкубокты 2 рет жеңіп алды.
Қайрат Боранбаев – қазақстандық кәсіпкер. Бұрын Дариға Назарбаевамен құда болған.
Өткен жылдың наурыз айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы клубтық футболды коммерцияландыру қажеттігін айтты. Командалардың облыстық бюджеттерге тәуелді болмауы тиіс екенін атап өтті.
Айта кететін жайт, Қайрат Боранбаев McDonald’s желісінің атауын ауыстырған соң, 3 млрд шығынға батқан.