Ерлан Жетібаев – Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі

Ерлан Жетібаев Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы – Ресми өкілі болып тағайындалды. Ал Динара Желдібаева осы мекемедегі Коммуникациялар департаментінің директоры қызметіне кірісті. Бұл туралы Kursiv.Media министрлік мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
Жетібаев 1984 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген. Ал 2006 жылы Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген. Сол жылы Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментіне жұмысқа тұрған.
Ол 2011-2017 жылдары Қазақстанның Таиландтағы елшілігінде екінші, бірінші хатшы лауазымдарында еңбек етті.
2020-2023 жылдары СІМ-нің баспасөз қызметінде кеңесші және басшы, 2023-2025 жылдар аралығында Коммуникациялар департаменті директорының орынбасары болды.
Ал 2025 жылғы наурыздан бастап Коммуникациялар департаментінің директоры қызметін атқарды.
II сыныпты кеңесші дипломатиялық дәрежеге ие. Ағылшын және түрік тілдерін меңгерген.

Бұл уақытта Динара Желдібаева Сыртқы істер министрлігі Коммуникациялар департаментінің директоры лауазымына тағайындалды.
Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университетін тәмамдаған. Халықаралық қатынастар саласында магистр дәрежесіне ие.
Дипломатиялық қызметін 1997 жылы Сыртқы істер министрлігінде бастаған. 2025 жылғы қыркүйек айынан бастап Халықаралық ақпарат комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған.
I сыныпты кеңесші дипломатиялық дәрежеге ие. Ағылшын және испан тілдерін меңгерген.