Ақша үшін ұрыспай, отбасы бюджетін әділ басқару жолдары

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: shutterstock, биль-редактор: Ахтам Зиперов

Жұптардың ақшаға деген көзқарасы тек сандар мен бюджетке қана келіп тірелмейді. Әдетте, қаржылық керістердің артында эмоция, үрей мен түрлі темпераменттер жатады. Дәл осы айырмашылықтар ұрыс пен қарым-қатынасқа түскен сызаттың нағыз себепкері болып жатады.

Төменде серіктесіңізбен бірге әдеттеріңіз бен қалауыңызға негізделген қаржылық үлгі жасауға көмектесетін жолнұсқа дайындап қойдық.

Нақты бір сома үшін болатын ұрыстар – бұл айсбергтің ұшар басы ғана. Оның астында мынандай нәрселер жасырын жатуы мүмкін:

  • Әділетсіздік сезімі («Біздің ортақ мақсаттарымызға менің қосқан үлесім зор»).
  • Келешекке алаңдау («Біз тым көп ақша жаратамыз. Сондықтан алдағы қиын күндерге ештеңе қалмай қалуы мүмкін»).
  • Құрметке және дербестікке қажеттілік («Неліктен сен менің шығындарымды бақылайсың?»).
  • Еркіндік пен қауіпсіздікке деген әртүрлі көзқарас (біреуі «қажет емес деп тапқан шығынды», екіншісі «қуаныш пен дамуға салынған инвестиция» ретінде көреді).

Жұптардың қанша тапқанына қарамастан, ашқа да ұрыстың себебі болуы мүмкін. Сол үшін:
Ақшаға қатысты ұстанымдарыңызды ата-анаңыздан сіңіріп алмадыңыз ба, ойланыңыз. Кедейлік тауқыметін тартып өскен адам, сараң болғаны үшін ақша жинауы мүмкін. Бұл оның өзін қауіпсіз сезінуінің жалғыз жолы болуы да ғажап емес. Ал ақшаны жеңіл жарата беретін жан, балалық шақта жетпеген қуанышының орнын осы арқылы толтыруы ықтимал. Сондықтан өзіңіздің қаржылық дағдыларыңыз жөнінде айтқанда: «Менің отбасымда… осындай қағидалар болған. Сондықтан мен үшін ақша қазір – бұл…, және кейде… осындай болып қала ма деп қорқамын» деген сөздерді қолданыңыз.

Ешқандай құпия болмасын

Жасырын несиелер, ипотека, қарыздар болмауға тиіс. Оның бәрі айтылып, ортақ жоспарда ескерілуі керек. Кейде біз несиелеріміз бен қарыздарымызды алдағымыз келгендіктен емес, ұялғанымыздан я мені сөге ме деп қорыққандықтан айтпай жатамыз. Алайда өтірік жүрген жерде ешқандай да жоспар тиімді болмайтынын ұмытпаңыз.

Шығындарды талқылаңыз:

Қысқа мерзімді (1 жылға дейінгі): демалыс, тұрмыстық техниканы сатып алу.
Орташа мерзімді (1-5 жыл): үйге төлейтін бастапқы жарна, көлікті ауыстыру.
Ұзақ мерзімді (5 жылдан жоғары): зейнет, балалардың білімі, көшу.
Кеңес: біреуіңіз аш болғанда я көңіл күйіңіз жоқта қаржыға қатысты әңгіме қозғамаңыздар. Демалыс күні бір сағатты байыпты әңгімеге арнаңыздар. Шай ішіп отырып шер тарқасыңыздар. Бұл әңгімені тергеу емес, бірлескен жоба ретінде қабылдаңыз.

Сіздерге қандай бюджеттік үлгі сай келеді

Әмбебап сызба жоқ. Сондықтан өздеріңізге жайлысын таңдаңыздар. Таңдаған үлгілеріңіз кірістеріңізге, мақсаттарыңызға, ең бастысы, сенімдеріңізге сай келуі қажет. Ең танымал болған үш үлгіні қарастырып көрейік:

  1. Ортақ бір шот
    Барлық кірістер бір ортақ шотқа келіп түседі. Барлық шығындарға, жинақтарға және инвестицияларға сол шоттан ақша аударылады. Бұл тәсіл ұзақ мерзімді ортақ мақсаттары бар (ипотека, балалар) және бір-біріне толықтай сенетін жұптарға сай келеді.
    Бюджетке талас болмас үшін «Мәселен, 50 мың теңгеден асатын төлемнің бәрін серіктесіңізбен келісіп жасаңыз» дейтін қағиданы енгізіңіздер.
  2. Әділ үлес
    Әр адам кірісіне сай ортақ шығындарға (жалға алу, азық-түлік, коммуналка) араласады. Егер сіз отбасының жалпы табысының 70%-ын табатын болсаңыз, ортақ шығындардың да 70%-ын өтейсіз, ал қалғаны – сіздің жеке қаражатыңыз болып қалады.
    Бұл үлгі табыс деңгейі әртүрлі жұптар үшін өте қолайлы, бірақ мұқият есептеуді және серіктестердің бірінің табысы өзгерген жағдайда үлестерді тұрақты түрде қайта қарастырып отыруды қажет етеді.
  3. 50/50 + ортақ шот
    Сіздер екі жеке және бір ортақ шот ашасыздар. Екі серіктес те ортақ шотқа қажеттіліктерді өтеуге (жалға алу, азық-түлік) бірдей ақша салады. Бұл жол табысы бірдей жұптарға я тәуелсіз қаржылық жағдайын сақтап қалғысы келгендерге мінсіз келеді.
    Кірістер қатты айрықшаланбауы керек. Әйтпесе кірісі аз жан әділетсіздікті сезінуі мүмкін.

Нені таңдаған жөн

Сарапшылардың айтуынша, жұптардың басым бөлігіне кейінгі екі үлгі сай келеді. Дәл осы екі үлгі ортақ міндеттер мен жеке жинақтар арасындағы қажетті теңгерімді сақтауға мүмкіндік береді.

Үлгіні таңдау кезінде ескерілетін басты психологиялық өлшем мынау: үлгі үрейді арттырудың орнына, азайтуы қажет. Егер таңдалған үлгі серіктестердің бірін ұдайы алаңдатса, майда-шүйде шығындарды жасырып я «екінші сортты адам» етіп сезіндірсе – бұл пайыздарға қатысты емес, эмоциялар жөнінде қайта сөйлесулеріңіз қажет деген белгі.

«Қазіргі уақытта 40% жуық кеңес алуға келген керісіп қалған отбасылық жұптардың мәселелерінің тамыры – қаржыға қатысты көзқарастарының айырмашылығына байланысты туындайтынын атап өткім келеді. Бұл жай ғана тұрмыстық кикілжіңдер емес, құндылықтарының сай келмейтінін аңғартатын маңызды белгі. Шын мәнінде қарым-қатынастағы ақша – бұл «эмоциялық валюта», – деп мәлімдеді клиникалық психолог, коуч әрі отбасылық психотерапевт Валентина Нужина.

  1. Сандардың артында – эмоциялар тұрады. Қаржыға байланысты жанжал көбіне қауіпсіздікке, құрметке немесе дербестікке деген қажеттілікті жасырып жатады. Сол үшін жұбыңызға: «Ақшаның сен үшін шын мәнінде маңызы қандай?» деген сұрақты қойып көріңіз.
  2. Бізді бала кезден миға сіңген түсініктер басқарады. «Үнемшілдік» те, «ысырапшылдық» та көбіне терең қорқыныштан немесе отбасылық тәжірибеден туындайды. Бұл тақырыптарды бір-біріңізді сөкпей талқылауға тырысыңыздар: «Менің отбасымда ақшаның маңызы осындай… болды. Сондықтан мен қазір осындан… қорқамын».
  3. Бюджет үлгісі сенім үлгісі. Бақылауды күшейтетін емес, ортақ үрейді бәсеңдететін жолды таңдаңыз. Егер біреуі әділетсіздікті сезсе – бұл сандарды ғана емес, сезімді талқылауды қажет ететін жағдай. Қаржыға қатысты әңгімелерді болашаққа бәйек болатын рәсімге айналдырыңыз. Сонда ақша ұрысқа сылтау емес, берік байланысты қалыптастырудың құралы болады.
Сондай-ақ оқыңыз