Татарстанда мектеп оқушысы еден жуушы әйелді пышақтап тастады

Бүгін, 22 қаңтар күні, таңертең 13 жастағы бала Нижнекамск қаласындағы №37 лицейдің кіреберісінде оқу орнының қызметкеріне шабуыл жасаған.
Mash ақпаратына қарағанда, ол сондай-ақ дәлізде петарда лақтырған. Оқушылар сыныптарға бекініп алған. Қазіргі уақытта ғимараттағы барлық адам эвакуацияланды. Оқиға орнында жедел қызметтер жұмыс істеуде. Күдікті ұсталды.
Нижнекамскідегі №37 мектепке шабуыл жасаған баладан пышақ, маска, петардалар және тактикалық қолғаптар тәркіленді. 7-сынып оқушысы үш петарданы жарып, пышақпен тап беріп, жасырынып қалмақ болған.
Оқушылар екі күн бұрын лицей оқушыларының бірі – қыз бала шатырдан секіріп кеткенін айтқан. Олардың айтуынша, оны біреу итеріп жіберуі мүмкін. Қызды бүгін жерлеуге тиіс.
Татарстанның Тергеу комитеті «кісі өлтіруге оқталу» және «салғырттық» баптары бойынша қылмыстық іс қозғады.
Айта кететін жайт, Астана қаласында оқушылардың тәртібі мен қауіпсіздігін жасанды интеллект камералары қадағалайды.