Қазақстан цифрлық трансформациялау бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі болды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Үш жыл ішінде 235 мыңнан астам студент 503,7 мыңнан аса сертификат алған / фото: KursivMedia мұрағаты
Үш жыл ішінде 235 мыңнан астам студент 503,7 мыңнан аса сертификат алған / фото: KursivMedia мұрағаты

OpenAI компаниясы қазақстандық 165 мың педагогке ChatGPT Edu лицензияларын ұсынатын болады.

Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова мәлімдеген.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, жасанды интеллект, инжиниринг және цифрлық технологиялар бағыттары бойынша жаңа білім беру бағдарламалары бойынша кадр даярлау басталған.

Қазіргі таңда 30 жоғары оқу орнында «Қолданбалы ЖИ», «Жасанды интеллект және блокчейн инжинирингі», «Медицинадағы жасанды интеллект» және басқа да бағыттарды қамтитын ЖИ бойынша 42 білім беру бағдарламасы енгізілген. Бұл бағдарламаларда бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінде жалпы саны 2 815 студент білім алуда. Сонымен қатар профессор-оқытушылар құрамының 54%-дан астамы жасанды интеллект бойынша оқытудан өткен.

«Келесі қадам — академиялық адалдықты қатаң сақтай отырып, оқытушының жүктемесін азайтып, білім беру сапасын арттыратын басқарылатын әрі қауіпсіз құрал ретінде ChatGPT Edu-ді енгізу. 2025 жылғы 6 қарашада OpenAI компаниясымен жасалған өзара түсіністік туралы меморандум аясында мектептер мен жоғары оқу орындарының 165 000 педагогіне тегін лицензиялар беріледі», – деді Г. Көбенова.

Сондай-ақ Г. Көбенова Coursera платформасымен жүзеге асырылған ұқсас жобаның жоғары тиімділігін көрсеткенін атап өтті. Үш жыл ішінде 235 мыңнан астам студент 503,7 мыңнан аса сертификат алған. Coursera ресми түрде Қазақстанды білім беруді цифрлық трансформациялау бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі деп таныды.

Мұның алдында Қазақстанда 1 млн азамат жасанды интеллект бойынша оқудан өткені туралы ақпарат тарады.

Сондай-ақ оқыңыз