Қаскөйлер Алматыдан кейін Көкшетау мектептеріне шабуыл жасаймыз деп қорқыта бастады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Нысанаға №14, 18, 12, 21, 4, 11, 16, 17, 19, 1 мектептер ілінеді деп көрсеткен / фото: KursivMedia мұрағаты
Нысанаға бірнеше мектеп ілінеді деп көрсеткен / фото: KursivMedia мұрағаты

Әлдебіреулер 2026 жылғы 22 қаңтарда Көкшетау мектептеріне шабуыл жасалатыны жөнінде хабарлама таратып жатыр.

Zakon.kz хабарлауынша, Алматыдан кейін мұндай ақпарат Көкшетау тұрғындарының чаттарында да тараған.  

Мәтінде балаларға қарсы «теракт» пен «қатал жаза» туралы айтылған. Нысанаға №14, 18, 12, 21, 4, 11, 16, 17, 19, 1 мектептер ілінеді деп көрсеткен. Сондай-ақ хабарлама авторы «Біз 20 адамбыз. Бізге қорқыныш жоқ» деп жазыпты.

Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі әлеуметтік желілерде тараған бұл хабарлама бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

«Алғашқы тексеру барысында бұл деректер расталған жоқ. Таралып жатқан ақпарат жалған және шындыққа сәйкес келмейді. Қазіргі уақытта қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары қабылданды», – деп хабарлады Ақмола облысы ПД баспасөз қызметі.

Сонымен қатар құқық қорғау органдары хабарламаның авторларын анықтау бойынша кешенді іс-шаралар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Жағдай полиция департаменті басшылығының бақылауында. Сабыр сақтауларыңызды және тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенулеріңізді сұраймыз. Тексерілмеген хабарламаларды таратпауларыңызды өтінеміз», – делінген ПД хабарламасында.

Осыған ұқсас хабарламаларды Алматы тұрғындары да 19 қаңтарда алған болатын. Ол кезде қала Полиция департаменті жалған хабарламаның авторы мен дереккөзі анықталатынын мәлімдеген еді.

Мұның алдында Алматыда әлеуметтік желілерде мектеп атына қауіп төндірген жасөспірім ұсталған еді.

Сондай-ақ оқыңыз