Бренд киімнен мұнай сервисіне дейін: Қаппаровтар отбасы қандай бизнестерге ие

Қазақстанның ірі бизнес өкілдері туралы сөз қозғалғанда Қаппаровтар әулетінің аты жиі аталады. Отағасы Нұрлан Қаппаров саясат пен ірі бизнесте ықпалды тұлға ретінде танылса, оның жары Гаухар Қаппарова тәуелсіз бизнес бағытын қалыптастырып, халықаралық деңгейдегі активтерді басқаруға көшті. Бүгінде олардың отбасылық бизнестері ұлдары Нұрсұлтан Қаппаровтың белсенді қатысуымен дамып келеді.Forbes‑тың 2025 жылғы рейтингі бойынша бұл отбасы Қазақстанның ең бай бизнесмендері тізімінде 72‑орынға ие болды, олардың бағаланған активтері шамамен 94 млн АҚШ долларына тең.
Нұрлан Қаппаров кім?
Қаппаров Нұрлан Жамбылұлы – (30.03.1970- 26.03.2015жж.) Алматы қаласында дүниеге келген. Ол инженер‑экономист мамандығы бойынша Алматы технологиялық институтын тәмамдаған. Кейінірек Гарвард университетінің Дж. Кеннеди атындағы Мемлекеттік басқару мектебінде (Harvard Kennedy School) мемлекеттік басқару бойынша магистр дәрежесін алған (MC/MPA), бұл жоғары оқу орнын 2003 жылы бітірген.
Еңбек жолы
Қаппаровтың еңбек жолы 1990 жылдардың басында басталды. Ол 1991 жылдан 1997 жылға дейін Accept (Акцепт) корпорациясының президенті болып, компанияны ірі холдингке айналдыруда алғашқы қадамдарын жасады. Бұл холдинг кейін ауқымды бизнес құрылымына айналды.
Әрі қарай ол мемлекеттік қызметке ауысып, еліміздің стратегиялық салаларында жауапты лауазымдарды атқарды:
- 1997–1998 жылдары KazTransOil компаниясының президенті.
- 1998–1999 жылдар аралығында KazakhOil ұлттық компаниясының президенті.
- 1999–2001 жылы ҚР энергетика және минералдық ресурстар вице‑министрі. Сол кезеңде Қашаған кен орны және Каспий теңізі аймағындағы келіссөздерге қатысу арқылы стратегиялық тәжірибе жинақтады.
- 2000–2001 жылдары Қашаған кен орнындағы Солтүстік Каспий операция комитетінің төрағасы және Ресей–Қазақстан Каспий теңізін бөлісу жөніндегі келіссөздер тобының жетекшісі болды.
Бизнеске бетбұрыс
2003-тен 2012 жылға дейін Нұрлан Қаппаров Lancaster Group холдингінің директорлар кеңесінің төрағасы ретінде бизнеске қайта оралады. Бұл холдинг телекоммуникация, ауыл шаруашылығы, алкоголь өнімдері өндірісі, көтерме және бөлшек сауда сияқты салаларды қамтыды және Қазақстандағы ірі іскер құрылымдардың біріне айналды.
Қаппаровтың жетекшілігімен Lancaster Group Қазақстан нарығында кеңінен танымал активтер портфеліне ие болды. Холдинг құрамына Француздық Полинезиядағы Бора-Бора аралында орналасқан Four Seasons Resort қонақ үйі, Қазақстандық ERSAI Caspian Contractor мен италиялық Saipem компанияларының бірлескен кәсіпорны – Lancaster ERSAI кірді. Сондай-ақ, SITEK Caspian, Cape Caspian және әлемдік сыртқы жарнама саласының көшбасшысы француздық JCDecaux-пен бірлескен кәсіпорын РТС Деко-да оның үлесі болды.
Сонымен қатар, Қаппаров АО «ҚазИнвестБанк» акцияларының 17,9%-ына иелік етеді. Мемлекеттік қызметке ауысқаннан кейін ол өзінің активтерін басқаруға сеніп тапсырған.
Ал 2012-2014 жылдары ол мемлекеттік қызметке тағы келіп, бірден Қоршаған ортаны қорғау министрі лауазымын иеленеді. Екі жылдан соң, 2014 жылдың тамызында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК » АҚ Басқарма төрағасы болып тағайындалды.
Өмірінің соңы…

Нұрлан Қаппаров 2015 жылы 26 наурызда Қытайдың Бейжің қаласында іссапармен жүргенде, 45 жасына төрт күн қалғанда жүрек талмасынан қайтыс болды. Оның кенеттен қайтыс болуы Қазақстанның бизнес және саяси қоғамдастығы үшін үлкен соққы болды.
Жұбайы – Гаухар Қаппарова: ықпалды бизнесмен

Марқұмның жұбайы бизнес әлемінде өз орнын тапқан тұлға. 2025 жылғы Forbes рейтингіне сәйкес, Гаухар Қаппарова Қазақстанның 75 ең бай бизнесмені тізімінде 72-орынға ие болды. Ал ең ықпалды 50 кәсіпкердің ішінде, 38 орынға тұрақтады. Оның жеке байлығы Forbes Kazakhstan бағалауы бойынша шамамен $90 млн құрайды.
Гаухар Қаппарова бүгінде заманауи іскер әйелдің жарқын үлгісі болып жүр. Ол бизнес пен білімді, меценаттық қызмет және YPO Kazakhstan ұйымын басқаруды табысты үйлестіріп жүр.
Ол Нархоз университетінің түлегі, Президент жанындағы Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебін бітірген және Гарвард университетінде Executive MBA бағдарламасын тәмамдаған.
Бүгінде Гаухар мен ұлы Нұрсұлтан Қаппаров отбасылық бизнесті әрі қарай жалғастырып келеді. Қазір екеуі Lancaster Group холдингінің директорлар кеңесінің мүшесі және акциялардың бір бөлігін басқарады.
Холдингтің құрамына мұнай сервисі компаниялары – «Ер Сай Каспиан Контрактор» және «Жандиг-С», тау-кен саласындағы компания – Tin One Mining, сондай-ақ Quantum Stem мектептер желісіндегі үлес кіреді.
Сонымен қатар Гаухар Қаппарова жеке меншік ретінде мұнай өндіруші ТОО «Green Production» акцияларына ие.
Люкс киімінен бастап модульдік үйлерге дейін
Ықпалды кәсіпкер сән әлемінде айтарлықтай табысқа жетіп жүр. Мысалы, G&G Glamour, ол италиялық брендтер MaxMara, Fendi, Marina Rinaldi, Sergio Rossi, Simonetta Ravizza және Weekend MaxMara франшизаларын басқарады.

Қаппарова сұхбаттарының бірінде нөлден бастап люкс бренд киімдері, аяқ киімдері және аксессуарларын сататын онлайн-дүкен ggonline.kz құрғанын айтты. 2020–2021 жылдардағы пандемия кезеңінде кәсіпкер IT‑командасын күшейтіп, онлайн‑төлемдер, курьерлік қызмет пен тауарларды сақтандыру жүйесін дамытады. Осының арқасында тауарлар сатылымы 8 айда 11 млн теңгеден асып, инвестицияны 5 есе арттырды.
Қазіргі уақытта Гаухар бизнесті диверсификациялап, модульдік үйлер мен жаңа инфрақұрылымдық жобаларға инвестициялауда. Қазір Multiframe дайын үйлері Аю Сай шатқалы, Алтын-Эмель ұлттық паркі мен Ассы платосында тұр.
2022 жылы Гаухар Қаппарова сыртқы жарнама саласындағы АО «РТС Деко» компаниясының 15% акциясын сатты.
Меценаттық қадам
Гаухар Қаппарова бизнесін дамыта отырып, қайырымдылықпен де айналысады. 2005 жылы отбасы мүшелерімен құрған Нұрлан Қаппаров қоры арқылы дарынды, аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі балаларға қолдау көрсетеді. Қор Атбұлак (ОҚО) «Мектеп» жобасы мен Үржар (ШҚО) «Сенім-Үміт» жобасын іске асырады. 2018 жылдың қаңтарынан 2019 жылдың маусымына дейін қор білім беру жобаларына 16 млрд теңгеден астам қаржы жұмсады.

Студенттерге де көмек көрсетіледі: Джон Ф. Кеннедидің атындағы Мемлекеттік басқару мектебінде Nurlan Kapparov Graduate Fellowship Fund және АТУ университетінде Нұрлан Қаппаров стипендиясы құрылды. G&G компаниясы арқылы Нархоз университетінің студенттері үшін де арнайы стипендиялар бөлінеді.
2008 жылдан бері G&G компаниясы Гүлнара Досаеваның «Дара» қорына тұрақты қаржы аударады.
YPO Kazakhstan
Гаухар Қаппарованың бизнесіндегі маңызды бағыттардың бірі – YPO Kazakhstan ұйымының мүшесі. Қазір ол 30‑дан астам мүшесі бар клубтың тек мүшесі емес, 2021 жылғы шілдеден бері төрағасы. Гаухар 2010 жылы құрылғаннан бері жыл бойы чаптерді басқарған алғашқы әйел. Айта кетейік, YPO – әлемдегі ең ықпалды бизнес қауымдастықтардың бірі.
Нұрсұлтан Қаппаровтың активтері
Нұрсұлтан Қаппаров – Гаухар Қаппарова мен Нұрлан Қаппаровтың ұлы, ол да Lancaster Group компаниясының бір бөлігіне иелік етеді. Сондай-ақ холдинг құрамындағы «Ер Сай Каспиан Контрактор», «Жандиг-С», Tin One Mining және Quantum STEM мектептер желісіндегі жобаларды үйлестіреді. Бір сөзбен айтқанда, марқұм әкесінен қалған мұраны жалғастырып, отбасsлық бизнесті өркендетіп отыр.
LinkedIn профиліндегі ақпараттарда оның 2017 жылы EY Kazakhstan компаниясында тағылымдамадан өткені жазылған. 2018 жылы St Paul’s School мектебін бітірген. Кейін National Payments Corporation of Kazakhstan сияқты қаржы және бизнес салаларында істегені көрсетілген.
Алайда Нұрсұлтанның нақты туған жылы, толық білімі (университет, мамандық) және жеке кәсіби жолының толық хронологиясы жария дерек көздерде кеңінен ашық көрсетілмеген. Forbes немесе басқа ашық рейтингтерде Нұрсұлтан Қаппаровтың жеке жеке дәулеті бөлек көрсетілмеген.