Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевті орынбасары ұрып-соққан

Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевті өзінің орынбасары Дәурен Есімханов ұрған. Ақпаратты Kursiv.Media тілшісіне Қарағанды облысының полиция департаменті растады.
42 жастағы Қарағанды қаласының тұрғынының арызы негізінде ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Белгілі болғандай, 21 қаңтар күні қаладағы спорт кешендерінің бірінде екі ер адам арасында жанжал туындаған», делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау бойынша тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жариялауға жатпайды.
Еске сала кетейік, Серік Сәпиев 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиадада бокстан алтын медаль алған.
2024 жылы Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып тағайындалды.
Ал 2025 жылы сәуір айында Ұлттық Сурдлимпиада комитетінің президенті қызметіне тағайындалған еді.