Автонесиелеудің қылмыстық схемасы әшкереленді – ІІМ

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Күдіктілер жалған құжаттарды пайдалана отырып, автокөліктерді кепілге қойып, микроқаржы ұйымдарынан несие алған / фото: KursivMedia мұрағаты
Күдіктілер жалған құжаттарды пайдалана отырып, автокөліктерді кепілге қойып, микроқаржы ұйымдарынан несие алған / фото: KursivMedia мұрағаты

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері қылмыстық топтың қызметін тоқтатты.

ІІМ хабарлауынша, олар Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Алматы, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында әлеуметтік осал азаматтардың атына автонесие рәсімдеп, кейін автокөліктерді шетелге шығарып отырған.

«Күдіктілер қысым көрсету және қорқыту арқылы қорғансыз азаматтарды өз атына автонесие рәсімдеуге мәжбүрлеген. Төлем қабілеттілігі бар деген жалған көрсеткіш қалыптастыру мақсатында күдіктілер азаматтардың банк шоттарын уақытша толықтырып, олардың кредиттік тарихын жасанды түрде жақсартқан», – делінген хабарламада.

Күдіктілер жалған құжаттарды пайдалана отырып, автокөліктерді кепілге қойып, микроқаржы ұйымдарынан несие алған. Осыдан соң қымбат автокөліктер шетелде сатылған.

 «Қазіргі уақытта осындай 15 дерек анықталып, өзге де эпизодтар бойынша жұмыс жүргізілуде» – делінген хабарламада.

Тінту іс-шаралары барысында бірнеше бірлік атыс және суық қару, оқ-дәрілер, сондай-ақ қылмыстық әрекеттерді растайтын құжаттар мен ақпарат тасымалдағыштар тәркіленіп отыр.

Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру бірнеше бап бойынша жүргізіліп жатыр. Негізгі 6 күдікті қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Айта кететін жайт, 2025 жылдың тоғыз айында кредитке көлік алғысы келгендердің өтінімі 48%-ға, жаңа берілген кредиттер 47%-ға артқаны анықталып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз