Жаңа құрылыстардың сапасын бақылау күшейтіледі

Қазақстанда енді құрылыстардың сапасын бақылау күшейтіледі. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, жаңа Құрылыс кодексі аясында құрылысты бақылауды күшейту және сала қатысушыларының жауапкершілігін арттыру бойынша бірқатар шаралар іске қосылады.
Енгізілетін шараларға да кеңінен тоқталынған.
Айталық, Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы (МСҚБ) органдарының құрылыс объектілеріне «жоспарлы инспекциялау» жүргізеді. Бұл құрылыс жұмыстары басталған сәттен бастап пайдалануға берілгенге дейін барлық кезеңдерді қамтиды.
Сондай-ақ, нысандарға бармай-ақ, есептер мен мониторинг негізінде камералар арқылы қашықтан бақылау жүргізіледі.
Заңсыз салынған объектілерге ауыртпалықтар салынып, анықталған заңбұзушылықтар туралы әділет органдарын міндетті түрде хабардар етіп отырмақ. Сонымен қатар, объектілерді пайдалануға қабылдау процесіне Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы және Төтенше жағдайлар органдары қатысатын болады.
Айта кететін жайт, Қазақстанда сейсмикалық қауіп-қатерлерді төмендету бойынша жаңа талаптар енгізіліп жатыр.