Аудиторлар елдегі жекеменшік мектептерде үш есе көп оқушы тіркелгенін анықтады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: shutterstock.com

Жеке мектептерді қаржыландыру бойынша алдын ала аудит қорытындысы жарияланды. Оның нәтижелерін Қаржы министрі Мәди Такиев премьер-министр Олжас Бектенов төрағалық еткен жиында мәлім етті.

Министрдің дерегінше, соңғы бес жылда елдегі жеке мектептер саны 203-тен 878-ге, ал оқушылар саны 53 мыңнан 322 мыңға дейін артқан. Сондай-ақ аталған бағыт бойынша бюджет шығыстарының көлемі 2020 жылғы деңгейден (13,3 млрд теңге) 20 есе асып, 248 млрд теңгені құрады.

Такиевтің айтуынша, 2025 жылдың соңына дейін қаржыландыру жүйесі бақылаусыз болған, сондықтан бюджет қаражаттарын дұрыс пайдаланбау және деректерді бұрмалау жағдайлары туындаған. Осы себепті былтыр қаржыландыру Orta-bilim.e-qazyna цифрлық платформасына көшірілді.

Жеке мектептерді қаржыландыру аудитінің қорытындысы бойынша мынадай бұзушылықтар анықталды:

  • Оқушылар саны жалған тіркеулер мен бірнеше рет жасалған ауысулар арқылы көбейтілген;
  • Оқу орындарының сыйымдылығы ескерілмей, орындар саны шынайы мүмкіндіктен 3 есе артық көрсетілген;
  • Бизнестер салық есептілігінде табысын төмен көрсетіп, бір жағынан бюджет қаражатын алып, екінші жағынан аз салық төлеген;
  • Ғимараттарда толық жөндеу орнына тек косметикалық жұмыстар жүргізілген, бірақ жобалық құжаттар мен смета жоқ болған.

«Аудит барысында анықталған деректер жекеменшік мектептердің едәуір бөлігі мемлекеттік қаржыландыруға қатысуды білім берудің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету тетігі ретінде емес, бюджет есебінен пайда табу құралы ретінде қарастырғанын көрсетеді. Мұндағы заң бұзушылықтар мемлекеттік органдардағы лауазымды тұлғалардың қадағаламауынан немесе тікелей қатысуымен орын алып отыр«, –  деп мәлімдеді Тәкиев.

Аудиторлық іс-шаралар әлі де жалғасуда және олардың қорытындысы бойынша жекеменшік мектептерді қаржыландыру тетігін жетілдіру бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар дайындалады.

Еске салсақ, Жұлдыз Сүлейменова Оқу-ағарту министрі болып тағайындалған күні Астанаға жеке меншік мектептердің басшылары жиналып, бәрі де қаржыландыру мәселесін шешуді талап еткен еді. 

Сондай-ақ оқыңыз