Заңғар Нұрланұлы Australian Open–2026 турнирін сенімді жеңіспен бастады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Зангар Нурланулы выиграл первый матч юниорского АО-2026
Заңғар Нұрланұлы Australian Open–2026 жарысында алғашқы ойынды ұтты / Фото:

Жасөспірімдер арасындағы US Open–2025 турнирінің жартылай финалисі Заңғар Нұрланұлы Australian Open–2026 жарысын сәтті бастады. 17 жастағы қазақстандық алғашқы матчында Таиланд өкілі Кунанана Пантараторнды небәрі 1 сағат 10 минутта жеңді, есеп: 6:2, 6:1.

Құрдас қарсыластардың ойынында Нұрланұлының басымдығы айқын көрінді. Алғашқы сетте 3:0 есебімен алға шығып, бесінші және жетінші геймдерде брейк жасап, сет тағдырын шешті – 6:2. Екінші партияда да ойын тізгінін бермей, сенімді түрде 6:1 есебімен жеңісті бекітті.

Бүгін жарыс жолына 18 жастағы Даниэль Тазабеков шығады. Оның бірінші айналымдағы қарсыласы – швейцариялық Флинн Томас. Қазақстандық жас теннисшілер жұптық сында да бақ сынайды, бұл санаттың турнир кестесі кейін жарияланады. Ал қазақстандық қыздар биыл юниорлар арасындағы Australian Open-ге қатыспайды.

Ересектер арасындағы турнирде Қазақстан бірқатар спортшыларымен қоштасты. Жекелей сында Дмитрий Попко, Зарина Дияс және Александр Шевченко жарыстан шығып қалды. Ерлер жұбында Бублик/Шевченко мен Голубев/Недовесов жұбы да турнирді аяқтады.

Мельбурндегі додада қазақстандық жанкүйерлер әлі де Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Александр Бублик пен Анна Данилинаны (жұптық және микст) қолдай алады. Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик Аустралия ашық чемпионатының төртінші айналымына шыққан.

Australian Open – қаңтар айында өтетін, хард жабындысындағы «Үлкен дулыға» турнирлерінің алғашқысы. Бұл жарыс алғаш рет 1905 жылы ұйымдастырылған. Биыл 114-рет өтіп жатқан турнирдің негізгі матчтары 1 ақпанға дейін жалғасады.

2026 жылғы Australian Open-нің жалпы жүлде қоры 16 пайызға өсіп, 74,8 миллион долларға жетті. Турнир аясында жекелей және жұптық сындармен қатар, юниорлар, ардагерлер мен арбадағы теннисшілер де бақ сынайды. Ал өткен жылғы чемпиондар – италиялық Янник Синнер мен америкалық Мэдисон Кис турнир жолын сенімді жалғастырып келеді.

Сондай-ақ оқыңыз