Конституцияға дін мен мемлекет бөлек екені туралы бап енгізілуі мүмкін

Ұлттық құрылтай мүшесі, заңгер Серік Ақылбай Конституциялық реформа комиссиясының отырысында діннің мемлекеттен бөлек екенін Ата заңда тікелей нормамен бекіту қажет деп мәлімдеді. Ол:
«Қазір Конституцияда зайырлылық қағидаты бар, бірақ ол ашық әрі айқын көрсетілмеген. Дін мен мемлекеттің ара-қатынасы нақты жазылмағандықтан, құқық қолдануда екіұштылық туындайды» – деді.
Заңгердің айтуынша, бұл қадам мемлекеттік биліктің бейтараптығын қамтамасыз етіп, әртүрлі дінді ұстанатын немесе атеист азаматтардың бәріне тең көзқарасты қалыптастырады. Сонымен бірге, бұл ар-ождан бостандығын шектемей, керісінше оның құқықтық кепілі болады.
Серік Ақылбай халықаралық тәжірибеден мысал келтірді: Германия, Түркия және Қырғызстан Конституциясында мемлекеттің дінге бейтараптығы нақты жазылған. Ол:
«Бұл қадам – Конституциядағы зайырлылық қағидатын нақты әрі айқын құқықтық рәсімдеудің жолы. Мұндай шешім адам құқықтары мен бостандықтарын нығайтып, қоғам сенімін арттырады» – деп тұжырымдайды.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ Конституцияның преамбуласын қайта қарауды ұсынды. Оның пікірінше, кіріспе бөлім елдің бүгінгі сын-қатерлері мен құндылықтарын нақты әрі толық бейнелеуі тиіс.