Өскеменде мерзімді әскери қызметші қаза тапты

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
фото: kursiv.media архиві

2026 жылғы 23 қаңтар күні Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде қарауыл қызметін атқару кезінде мерзімді әскери қызметші өзіне бекітілген қарудан оқ атқан. Алынған жарақаттан сол жерде көз жұмды. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, қаза тапқан әскери қызметші 2025 жылғы сәуір айында мерзімді әскери қызметке шақырылған.

«Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Шығыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының Өскемен бөлімі қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеу Өскемен гарнизонының әскери прокуратурасының бақылауында жүргізіледі. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты қосымша ақпарат жария етілмейді», делінген хабарламада.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің тапсырмасымен оқиға орнында генерал-майор Асқар Мұстабековтің жетекшілігімен комиссия жұмыс істеп жатыр.

ҚР Қорғаныс министрлігі мен Қарулы Күштер басшылығы марқұмның туған-туыстарына көңіл айтып, отбасына қолданыстағы заңнамаға сәйкес барлық қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Жамбылда қызмет етіп жүрген Ұлттық ұлан сарбазы Шымкентте қайтыс болды.

Сондай-ақ оқыңыз