17 жыл құлдықта болған Құндыздың Тараздағы үйде қол-аяғы байлаулы фотосы тарады

Журналист Руслан Өтепбайдың жекесіне аға-жеңгесі 17 жыл бойы құлдықта ұстаған Құндыздың қол-аяғы байлаулы жатқан фотосы келіп түскен. Мән-жайды анықтау үшін журналист апалы-сіңлілі қыздардың қазіргі қамқоршысына қоңырау шалып, сұрастырды. Зүлфия Төленова болса, бұл оқиғаның ол үйде жоқ кезде болғанын айтып, байлап тастаған мен емес деп отыр.
Құндыз бен Назгүл қазір Таразда тұрады. Аға-жеңгелерінен қорлық көрген қыздарды эфирге шығарып, құлдықтан босауына Руслан Өтепбай себепші болған. Содан бері бағдарламасына кейіпкер болған қос қыздың жағдайын білу үшін журналист үнемі Таразға жол түскенде ат басын арнайы бұрып тұрады. Заң бойынша оларға қазір 17 баланы бауырына басып отырған Зүлфия Төленова есімді азаматша қамқоршы болып отыр.
Құндыздың қол-аяғы байланған фотосын көрген бойда Руслан Өтепбай бірден Зүлфия ханымға хабарласқан. Суретте Құндыз сол Тараздағы үйде қолы да, аяғы да байлаулы күйде жерде жатыр. Телефонды көтерген Төленова:
«Құндыз Назгүлді ұрған. Ауруы қозып кеткен ғой. Сол кезде байлаған ба, білмеймін. Мен де қазір көріп жатырмын. Үйде Танялар байлаған», – деді.
Таня үйде ме деп сұрағанда, үйде екенін, бірақ оның да топтағы қыз екенін, жөнді сөйлей алмайтынын алға тартты заңды қамқоршы.
«Мен әрі-бері жұмыстармен жүргем. Өзім де қатты ашуланып тұрмын. Шыны керек, Руслан, дүйсенбі күні барып өтініш жазып, өткізем деп отырмын. Рахмет. Шаршадым. Неше түрлі нәрселер шығарып жатыр. Үкіметке өткіземін», – деп қалды Зүлфия.
Осыдан соң Руслан Өтепбай дүйсенбі Таразға баратынын айтқанда заңды қамқоршы «керегі жоқ» деп қарсы болады. Руслан желіге жүктеген видеосында Төленованың «байлаған мен емес» деген сөзіне сенбейтінін айтты. Оған қоса Тараз қаласының қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінің мамандары және Тараз қаласының полиция департаментін мына мәселені назарға алуға шақырды.
Желі қолданушылары Зүлфия ханымның тарапынан қыздарға қысым жасалады деген күдікті бұрыннан айтып жүрген еді. Бүгін таралған суреттен кейін
«Психотропты дәрілер беріп осындай жағдайға жеткізген шығар. Мына әйелдің сөзіне кім сенеді?», «Өткенде ғана Руслан барғанда бұрынғыдай арықтап, жалтақтап отырғандарын көріп жүрегім ауырып еді. Осы қыздарды алып кетсе екен Руслан» деп жарыса жазып жатыр.
Осыған дейін Руслан қыздарды қамқорлығына алуға ниет білдіргенде Зүлфия Төленова қарсы болып, «берсем, тек Ілияс Сариевке ғана тапсыра аламын» деген болатын. Ол атап өткен Ілияс Сариев кейіннен алаяқтығы үшін 3 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Мақтааралда 45 жастағы еркек бір қызды 8 ай бойы зорлап, өзгелерге сатып келгені туралы жазған едік.