Оңтүстік Кореяға жұмыс күшін жіберу жөнінде келіссөз жүріп жатыр

Оңтүстік Корея делегациясы Қазақстанға келіп, жұмыс күштерін тарту жөнінде келіссөз жүргізді. Кездесу Қонаев қаласында өтті. Бұл туралы Kursiv.Media Алматы облысы әкімдігі таратқан мәліметке сүйене отырып хабарлайды.
Жүздесуге Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай, сонымен бірге корей делегациясы қатысты.

Басқосуда корей тарапы EPS (Employment Permit System) бағдарламасының жұмыс тәртібімен таныстырды. Ол Оңтүстік Кореяға жұмыс күші тапшы салаларға шетел азаматтарын тартуды көздейді. Тараптар Қазақстанның осы жүйеге қосылу мүмкіндігін талқылады.
«Қазір келіссөздердің екінші кезеңі өтіп жатыр. Бірінші кезеңде тараптар президенттер деңгейінде меморандумға қол қойған. Ал екінші кезеңде Қазақстан жұмыс күшін Кореяға жіберуге қаншалықты дайын екені бағаланады», – дейді Алматы облысы мобильді еңбек орталығының директоры Абылай Зуайда.
Оның айтуынша, корей делегациясы арнайы колледждер мен оқу орталықтарын аралап, дайындық деңгейімен танысып жүр.
«Егер барлық талап оң бағаланып, келіссөздер сәтті аяқталса, алдағы уақытта толыққанды меморандумға қол қойылады», – дейді әкімдік өкілі.
Қазақстан тарапынан жүргізіліп жатқан дайындық жұмыстары жөнінде Алматы облысының мобильді еңбек орталығының директоры Абылай Зуайда мәлімет берді.
Қазақстан осы бағдарламаға қосылған жағдайда, өңірде арнайы оқу орталықтары ашылуы мүмкін.
Корей тарапы түпкілікті шешім дайындық аяқталғаннан кейін қабылданатынын мәлімдеді.
Естеріңізге сала кетейік, осының алдында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Оңтүстік Кореяда заңсыз еңбек етіп жүрген қазақстандықтарға тағы ескерту жасаған.