Қазақстан Қытай автокөліктерін импорттайтын топ-10 елдің қатарына енді

Қытайдың автомобиль қауымдастығы (CPCA) 2025 жылғы көлік экспорты бойынша қорытынды нәтижелерді бөлісті. Есептердегі мәліметке сүйенсек, өткен жылы жалпы 8,32 млн автокөлік экспортталған, оның 3,43 млн-ы электр және гибридтік көліктерге тиесілі.
CarNewsChina басылымының бағалауынша, 2025 жылғы жалпы көрсеткіштер 2024 жылмен салыстырғанда 30%-ға артқан, ал жаңа энергия көздерімен (NEV) жұмыс істейтін модельдерді экспорттау 70%-ға көбейген.
Қытайдан автокөлік жеткізу бойынша абсолютті көшбасшылар:
- Мексикаға – 625 187 көлік;
- Ресейге – 582 738 көлік;
- БАӘ-ге – 571 937 көлік.
Қытайдан авто импорттайтын ондыққа Қазақстан да енді. CPCA мәліметі бойынша, соңғы 12 айда елімізге 211 545 автокөлік жеткізілген. Бұл ресми Қазақстан нарығының көлеміне (234 852 бірлік) қарағанда аз болғанымен, санның мәні дилерлік автосалондарға, зауыттарға жеткізулермен қатар, жеке импортты да қамтитынын көрсетеді.
Электр және гибридтік көліктер импорты
Электр және гибридтік көліктерді импорттайтын топ-10 ел де бөлек көрсетілген. Мұнда көшбасында Бельгия тұр, бір жыл ішінде елге 284 921 бірлік техника жөнелтілген. Екінші орында – Ұлыбритания (231 181 бірлік), ал үздік үштікті Мексика 221 027 бірлікпен түйіндейді.
Еске салсақ, осыған дейін шағым аз айтылатын қытайлық кроссоверлер туралы жазған едік.