Chery, GWM және Changan қытай көліктерін шығаратын зауыт тіркелді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Chery, Haval, Tank және Changan қытай көліктерін шығаратын зауыт тіркелді
коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Chery, Changan, Haval және Tank секілді қытай автокөліктерін шығаратын компания Қазақстанда ресми түрде тіркелді. Astana Motors Manufacturing Kazakhstan көп брендті зауыты өндірушілер тізіміне қосылды. Бұл туралы Kursiv.Media Өнеркәсіп министрлігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.

Зауыт Алматы қаласының Өндіріс аймағында орналасқан. Жалпы ауданы 309 мың шаршы метрден тұратын ірі кешенде бір жылда 120 мың көлік шығарылады. Мұнда қытай көліктерін дәнекерлеу, бояу және құрастыру сияқты жұмыстар атқарылады.

Өндіріс қуаты артқан уақытта зауытта 3600 адам жұмыс істейді.

Компания сайтындағы мәліметке қарағанда, өндіріс жабдықтарын Automotive Engineering Corporation қытай компаниясы жеткізді. Ол әлемдегі көптеген автозауытты жабдықпен қамтамасыз етіп отыр.

Astana Motors Manufacturing Kazakhstan кәсіпкер Нұрлан Смағұловтың «Астана Моторс» компаниясына тиесілі. eGov мәліметінше, жаңадан құрылған, Алматы қаласында тіркелген компанияның екі құрылтайшысы бар. Олар: «Моторная компания «Астана-Моторс» ЖШС және «Астана-Моторс Менеджмент».

Сондай-ақ оқыңыз