Қазақстанда суррогат аналардың шетел азаматтарына бала тууына тыйым салынбақ

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: kursiv.media архиві

Қазақстанда суррогат аналардың шетел азаматтарына бала туып беруіне тыйым салынбақ. Тиісті өзгерістерді «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекске енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қазіргі таңда суррогат ана қызметін Қазақстан азаматтары да, шетелдіктер де пайдалана алады. Алайда халықаралық суррогат ана мәселесінде соңғы жылдары түрлі дау-дамайлар мен сот процестері жиілеген. Осыған байланысты Үкімет бұл қызметті тек Қазақстан азаматтарына ғана көрсету жөнінде норма енгізуді қажет деп санайды.

Аталған өзгерістерді Денсаулық сақтау министрлігі дайындаған. Қазіргі уақытта түзетулер мүдделі мемлекеттік органдармен келісу сатысында. Келісу аяқталған соң, заң жобасы белгіленген тәртіппен Парламентке енгізіледі.

Сонымен қатар суррогат анамен жасалатын нотариалдық келісімшарттарды цифрландыру және міндетті түрде есепке алу мәселесі де қарастырылып жатыр. Әділет министрлігі мұндай келісімдерді бірыңғай нотариалдық ақпараттық жүйеде тіркеуді көздейді. Бұл мемлекеттік бақылауды күшейтіп, келісімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Рекрутингтік агенттіктер лицензия алуы тиіс

Бұдан бөлек, суррогат ана қызметімен айналысатын рекрутингтік агенттіктерді лицензиялау мәселесі де заң аясында қаралатын болады. Қазіргі таңда қоғамдық ұйымдар мен депутаттардың ұсыныстары, сондай-ақ халықаралық тәжірибе жан-жақты зерделеніп жатыр.

Үкімет суррогат ана, бала құқықтарын қорғау, әйелдердің денсаулығын сақтау мәселелері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тұрақты бақылауда екенін атап өтті.

Еске салсақ, осыған дейін полиция Алматыда жаңа туған нәрестелерді сатумен айналысқан топты әшкерелеген еді.

Сондай-ақ оқыңыз