Нұркентте ұлын сабаған ана қамауға алынды

Нұркентте балаға жасалған зорлық-зомбылық бейнеленген видео әлеуметтік желілерде тараған соң сот баланың анасын қамауға алу туралы санкция берді.
Tengrinews.kz ақпаратына қарағанда, қылмыстық іс «Азаптау» бабы бойынша тергеліп жатыр. Бұл туралы Жетісу облыстық полиция департаменті хабарлаған.
Анасы қанша жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін?
Ресми деректерге сәйкес, өз баласын ұрды деп айыпталған 28 жастағы әйелге қатысты тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабының 2-бөлігі – «Азаптау» бойынша жүргізілуде. Бұл бапта 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Тергеу кезеңінде сот күдіктіні қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады.
«Қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тиісті сот сараптамалары, оның ішінде сот-психиатриялық сараптама тағайындалды. Сараптама қорытындысы әзірге дайын емес. Күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Процессуалдық шешім сараптама нәтижелері алынғаннан және тергеу амалдары аяқталғаннан кейін қабылданады», – деді Жетісу облыстық ПД бастығының орынбасары Руслан Чарапиев.
Қанша баласы бар?
Айта кетейік, 5 жастағы баланы азаптау дерегі Жетісу облысы Панфилов ауданындағы Нұркент кентінде орналасқан көпқабатты үйлердің бірінде тіркелген. Баланың соққыға жығылған сәті видеоға түсіріліп, кейін әлеуметтік желілерде тарап, қоғамда үлкен дүмпу тудырды.
Бұған дейін баланың анасы ресми некеде екені және күйеуімен бірге екі ұл тәрбиелеп отырғаны хабарланған. Балалардың біреуі 5 жаста, екіншісі – 2,5 жаста. Тараған видеода әйел 5 жастағы ұлын ұрып-соғып жатқан сәті көрінеді.
Әкесі де жазаға тартылады
Сондай-ақ балалардың әкесіне қатысты да қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Ер адамға кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу міндетін орындамады деген айып тағылып отыр. Заңнамаға сәйкес, оған ірі көлемде айыппұл салу, қоғамдық жұмыстарға тарту, бостандығын шектеу немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.
Қазіргі уақытта екі бала Талдықорған қаласындағы балалар мекемелерінің бірінде тәрбиешілер мен дәрігерлердің бақылауында. Билік өкілдері әйелді ата-ана құқығынан айыру мәселесін қарастыруда.