Өзбекстанда АЭС құрылысы кешеуілдеді, бірақ Қазақстаннан ерте басталады

Өзбекстанның 2026 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасында Атом электр станциясы (АЭС) құрылысында алғашқы бетонды құю 2026 жылғы желтоқсанда басталады деп көрсетілген. Дегенмен ӨзАтом агенттігі құрылыс жоспары өзгерген жоқ деп отыр. Қалай дегенмен, көрші ел АЭС құрылысын Қазақстаннан бірінші бастауды көздейді.
Мемлекеттік стратегия жарияланған соң, өзбек баспасөзі АЭС құрылысы кешеуілдегені туралы жазды. Артынша ӨзАтом агенттігі ресми мәлімдеме таратып, құрылыс кешігіп жатыр деген мәліметті жоққа шығарды.
Мекеме мәлімдемесінде үкімет жоспарында көрсетілген мерзімді «консервативті сценарий» деп сипаттаған.
«Бұған дейін жарияланған уақыт өзгермегенін, құрылысты кеш бастау туралы сөз болмағанын ерекше атап өткіміз келеді», – деп таратты ӨзАтом.
Бұған дейін Өзбекстан атом энергиясы жөніндегі агенттік директоры Әзім Ахмедхожаев кіші АЭС-тің алғашқы бетоны 2026 жылғы наурызда құйылады деп мәлімдеген.
Қалай болған күннің өзінде, көрші Өзбекстан АЭС құрылысын Қазақстаннан бұрын бастап кетуді көздеп отыр. Астана алғашқы бетонды 2029 жылы құюды жоспарлап отыр. Екі елдегі АЭС құрылысын «Росатом» жүргізеді.
Өзбек билігі атом станциясын Жизақ облысы Фориш ауданына салады. Былтыр реактор орнатылатын шұңқыр қазылған. Төрт блоктан тұратын станцияның екеуіне қуатты реактор орнатылады. Шағын өндіріс 2029 жылы іске қосылады. Станция құрылысы 2035 жылы толық аяқталуға тиіс.
Алғашқы АЭС Өзбекстанның орталық өңірлерін – Жизақ, Самарқанд және Навои облыстарын электр қуатымен қамтамасыз етеді. Бұған қоса, өзбек билігі болашақ станция қызметкерлері үшін жаңа қала тұрғызғалы жатыр.