«Нәтиже болмаса, қоштасамыз»: Бектенов «Kazakh Tourism» басшысына ескерту жасады

Үкімет басшысы Олжас Бектенов «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының басшысы Талғат Ғазизовке жұмыста нәтиже көрсетпесе, қызметінен алатынын ескертті.
Туризм саласы талқыланған Үкімет отырысында Үкімет басшысы ұлттық компания басшысына тікелей ескерту жасады.
«Талғат Жанатұлы, сіз осы қызметке жаңадан келіп отырсыз. Бірақ соған қарамастан өзіңізден нақты нәтиже күтеміз. Нәтиже болса, әрі қарай жұмыс істей бересіз. Нәтиже болмаса, қоштасамыз, Келістік пе!?» – деді Бектенов.
Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысында Министрлер кабинетінің мүшелері туризмді дамыту мәселелерін қарап жатыр.
Талғат Ғазизиовтың сөзінше, Қазақстанның имиджін шетелде ілгерілету бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілген. Атап айтқанда, Euronews Travel, Amazon Prime Video, Бірінші арна және Францияның M6 телеарнасында көрсетіліп, негізгі нысаналы нарықтарды қамтуды қамтамасыз еткен. Қазақстанның Қытайдың әлеуметтік желілеріндегі – Weibo, WeChat, Rednote платформаларындағы және әлемдік жетекші цифрлық алаңдардағы қатысуы тұрақты түрде дамып келеді. Ал былтыр 12 елден келген 115 журналист, блогер және туроператордың қатысуымен 16 инфотур ұйымдастырылды.