Елдегі жасөспірімдер әлеуметтік желіден шектелуі мүмкін, заң әзірленіп жатыр

Қазақстандағы жасөспірімдердің әлеуметтік желіге кіруі шектелуі мүмкін. Қазір осы мәселеге байланысты арнайы заң әзірленіп жатыр. Бұл жайлы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.
«Бүгінгі таңда қабылданған заңдар аясында балалардың деректері бекітілетін платформаларға талап күшейтілетін болады. Бұдан бөлек әлеуметтік желідегі зиянды контенттен қорғау үшін оларды әлеуметтік желіні қолдануды жасына байланысты шектеу туралы заңнамалық мәселелер әзірленіп жатыр. Эксперттер мен қоғам белсенділері талқылап жатыр», – деді ол.
Осыған дейін вице-премьер Аида Балаева елде балалардың әлеуметтік желіге тіркелуін шектеу қарастырылып жатқанын айтқан еді. Дегенмен депутаттар оған техникалық жағынан тыйым салу мүмкін емес деп отыр. Оның орнына баланың жасына сәйкес келмейтін контент қолдануын шектеу керек деген пікірде.
Аустралия ресми түрде жасөспірімдердің әлеуметтік желіге кіруіне шектеу қойып, арнайы заң қабылдады. Енді дәл осындай заң жобасы Францияда да талқыланып жатыр.