Желтоқсан айында халықтың долларға деген сұранысы рекорд орнатты

2025 жылдың желтоқсан айында халық ақша айырбастау пункттерінен 322,8 млрд теңгеге доллар сатып алған. Ұлттық банк дерегінше, доллармен сауда-саттық қараша айымен салыстырғанда 38%-ға, ал 2024 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 83% жоғары қалыптасқан.
Бірінші несие бюросы мамандарының жазуынша, бұл соңғы төрт жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Бұл халық пен бизнестің долларды бұрынғыдан да белсендірек сатып ала бастағанын аңғартады.
Әсіресе, Алматы мен Астана қалалары негізгі драйвер болып қалды: желтоқсанда Алматыда доллар бойынша нетто сауда 157,5 млрд теңгеге, Астанада 35,1 млрд теңгеге жетті. Қараша айымен салыстырғанда екі мегаполисте де сұраныстың күшейгені анық байқалады.
Еуро валютасы бойынша жағдай салыстырмалы түрде тұрақты болды. Қарашада республика бойынша нетто сатылым 14,2 млрд теңгені құраса, желтоқсанда бұл көрсеткіш 14,7 млрд теңгеге дейін сәл өсті. Еуроға деген сұраныс негізінен ірі қалаларда шоғырланған: Алматы мен Астана бұл валютаның негізгі айналым орталығы болып қала берді.
Ал рубльге қатысты үрдіс керісінше қалыптасты. Қараша айында айырбастау пункттері рубльді 18,6 млрд теңгеге сатып алса, желтоқсанда бұл көлем 11,8 млрд теңгеге дейін азайған.
Яғни рубль сату көлемі сақталғанымен, оның қарқыны бәсеңдеген. Бұл жағдай рубльге деген қызығушылықтың төмендеп, нарықтағы қысымның біршама әлсірегенін көрсетеді.
Аталған кезеңде теңге бағамы нығайған. Желтоқсанда АҚШ долларының орташа бағамы 511,46 теңгені құрады. Салыстыру үшін айтсақ, қарашада бұл көрсеткіш 522,72 теңге, ал қазанда 539,92 теңге деңгейінде болған.
Бұған дейін қаржыгер Ғалым Құсайынов теңге нығайып жатқан кезде доллар сатып алған тиімді екенін жазған.