Қазақстан мен Израиль арасында визасыз режим орнауы мүмкін

Астанада Қазақстан мен Израильдің сыртқы істер министрлері, Ермек Көшербаев пен Гидеон Саардың ресми келіссөздері өтті. Екі тарап бірқатар маңызды құжаттарға қол қойды деп жазады Қазақпарат тілшісі.
Құжаттар арасында ұлттық паспорт иелерін визалық талаптардан босату яғни визасыз режим орнатуға келісім жасасу мүмкіндігі жайлы меморандум бар. Одан бөлек дипломатиялық кадрларды даярлау саласындағы өзара іс-қимылды көздейтін құжат рәсімделді.
Келіссөздер барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, инновациялық және гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Ермек Көшербаев екі ел арасындағы сауда қарым-қатынасы ерекше тоқталды.
«2025 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында мемлекеттеріміз арасындағы тауар айналымы 162 млн долларды құрады. Соңғы 20 жылда Қазақстан экономикасына Израильден 500 млн долларға жуық инвестиция тартылды», – деді ол.
Бұдан бөлек, тараптар өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі бекіткен «екі халық үшін екі мемлекет» принципі негізінде Палестина мәселесін реттеуді қолдайтынын тағы да растады. Израиль Сыртқы істер министрі Гидеон Саар Қазақстанды Израиль үшін маңызды серіктес әрі дос ел деп атады.
Жыл басында Тоқаев Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен телефонмен сөйлескен. Нетаньяху Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысын айтқан еді.