Алматы маңы, Маңғыстау және Бурабайдағы курорттар қалай дамиды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: shutterstock

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Алматы тау кластерін, Щучинск–Бурабай курорттық аймағын және Маңғыстау өңірін дамыту жоспары жайлы баяндады.

Министрдің айтуынша, Алматы өңірінде курорттар бірыңғай жүйеге біріктіріледі. Жоба аясында 30 жаңа аспалы жол мен 161 шақырым тау шаңғысы трассасы салу жоспарланып отыр. Жобаны әзірлеушілердің пікірінше, бұл шешім маусымның қызған шағында жүктемені азайтып, туристер ағынын 5 млн адамға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

«Бұл жоба жоғары экономикалық әлеуетке ие. Себебі тау шаңғысы туристерінің орташа шығыны 350 АҚШ долларын құрайды, бұл жағажай туризмімен айналысатын туристердің шығынынан 7 есе жоғары», деді министр.

Щучинск–Бурабай курорттық аймағында туристік жүктемені Қатаркөл және Жөкей көлдеріне бөлу бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылы «Променад» аймағы, 10 шақырым веложол және шолу алаңдары пайдалануға берілді.

Ал Маңғыстау өңірінде «Жылы жағажай» және «Кендірлі» аймақтарын дамытуға басымдық берілген. Бұл аумақтарда абаттандырылған жаяу жүргінші бағыттары, шолу алаңдары және визит-орталықтар салу жоспарланып отыр.

Ербол Мырзабосынов туристік өнімді кеңейту арқылы қонақтардың елде болу мерзімін 10 күнге дейін ұлғайтып, 2029 жылға қарай туристер ағынын 150 мың адамға арттыру жоспарланып отырғанын айтты.

Еске сала кетейік, бұған дейін Kursiv.Media  Қазақстан, Қырғызстан және Түркиядағы тау-шаңғы курортындағы бағаларды салыстырған еді. 

Сондай-ақ оқыңыз