Есірткі сатқаны үшін сотталған Орал тұрғыны босатылды: шығынды мемлекет өтейді

Есірткі сатқаны үшін жеті жылға сотталған Орал тұрғыны қамаудан босатылды. Бұған тергеу әрекеттеріндегі заң бұзушылықтар себеп болған.
Ер адам психотроптық заттарды заңсыз сатып алу, сату мақсатында сақтағаны үшін сотталған. Апелляциялық сатыда үкім заңға сәйкес деп тапқан.
Іс кассациялық сатыда қаралып, қылмыстық істі тергеп-тексеру барысында құқық қорғау органы тарапынан заңсыз әрекеттер жасалғанын анықтаған. Оның ішінде сотталғаннан табылған заттар туралы үш хаттаманың мазмұны әртүрлі болған.
Сот қаулысы жоқ екеніне қарамастан, тергеушілер тінту жүргізген. 21 түйіншек есірткі табылды делінген сәт видеоға түсірілмеген. Заң талабы бұзылғандықтан, табылған заттардың заңды күші болмайды.
Осылайша сот бұған дейін шыққан үкімнің күшін жойып, ер адамды қамаудан босатты. Енді азамат өзін қоғамнан заңсыз түрде оқшауланғанына сүйеніп, мемлекеттен ақша өндіріп алуға құқылы.
Айта кетейік, қылмыстық-процестік кодекске сәйкес мұндай қателікке кімнің жол бергеніне қарамастан азаматқа келген шығын толық көлемде республикалық бюджеттен өтеледi.