Қаскелеңде әйелін ұрған 31 жастағы ер адам қамалды

Алматы облысының Қарасай ауданында полиция қызметкерлері 31 жастағы жергілікті тұрғынды ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады, деп хабарлайды өңірлік полиция департаменті.
Ақпаратқа сүйенсек, тексеру барысында ер адам мен оның жұбайы арасында тұрмыстық жанжал болғаны анықталған. Ол әйелімен оның анасын соққыға жығып, кейіннен бұл бейне жазба желіде таралып кеткен.
Оқиға салдарынан әйел адам мен оның анасы дене жарақаттарын алған, сондай-ақ, олардың мүлкіне қасақана зақым келген.
Аталған факті бойынша полиция Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша қылмыстық іс тіркеді. Қазіргі уақытта тергеушілер оқиғаның мән-жайын жан-жақты анықтауға бағытталған қажетті тергеу жүргізуде.
Полиция ақпаратынша, тергеу қорытындысы бойынша күдіктінің әрекетіне қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қатаң құқықтық баға берілетін болады.
Айта кетейік, осыған дейін Ақтөбе қаласының №2 соты әйелін ұрып, абайсызда оның ажалына себеп болған тұрғынды кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айырған еді.