АҚШ Венесуэлаға қарсы күш қолдануға дайын екенін мәлімдеді

АҚШ әкімшілігі өзге әдістер нәтиже бермеген жағдайда Венесуэла билігінен «барынша ынтымақтастыққа» қол жеткізу үшін күш қолдануға дайын.
Bloomberg ақпаратына қарағанда, бұл туралы АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Сенаттың халықаралық қатынастар комитетіндегі тыңдауда айтты.
«Егер басқа тәсілдер тиімсіз болса, біз барынша ынтымақтастықты қамтамасыз ету үшін күш қолдануға дайынбыз. Мұндай қадамға баруға тура келмейді деп үміттенеміз. Алайда америкалық халық алдындағы міндетімізден және осы жартышардағы миссиямыздан ешқашан бас тартпаймыз», – деді Рубио.
Оның айтуынша, Венесуэланың уақытша басшысы Делси Родригес елдің энергетика секторын америкалық компанияларға ашуға, мұнай өндіруге преференциялық қолжетімділік беруге және мұнай сатудан түскен қаражатты АҚШ тауарларын сатып алуға жұмсауға уәде еткен.
Алайда екі күн бұрын Делси Родригес Венесуэланың ішкі саясатына қатысты «Вашингтонның бұйрықтарынан шаршағанын» мәлімдеген. Ол ел егемендігін қорғаудың жалғыз жолы – ұлттық бірлік екенін атап өтті. Сондай-ақ, АҚШ-пен келіспеушіліктер «боливарлық дипломатия» арқылы шешілетінін айтты. Осыдан кейін Дональд Трамп Венесуэланың уақытша басшысының мұндай мәлімдемесі туралы білмейтінін, алайда тараптардың «қарым-қатынасы жақсы» екенін жеткізді.
Өткен аптада Родригес АҚШ билігі ынтымақтастықтан бас тартқан жағдайда өзін және өзге де жоғары лауазымды венесуэлалық шенеуніктерді өлтіреміз деп қорқытқанын айтқан. Оның сөзінше, қоқан-лоқы мен бопсалау әлі де жалғасып жатыр. Родригес Венесуэла нақты мақсаттарға сай әрекет етуі тиіс екенін атап өтті. Бұл мақсаттардың қатарында елдегі бейбітшілікті сақтау, саяси билікті қорғау және кепілге алынғандарды құтқару бар.
Айта кететін жайт, Трамп өзін «Венесуэла президенті» ретінде бейнелейтін сурет жариялаған еді.