«Өте жақсы жаңалық»: Ақкенженов Қарашығанақтағы 4 млрд доллар дауына пікір білдірді

Shell мен Eni компаниясы Лондонда халықаралық арбитражда жеңіліп қалғанын растай аласыз ба? Мәжіліс кулуарында журналистер бүгін Қазақстанның Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовке осы сұрақты қойды.
«Қазақстан жүргізіп жатқан халықаралық арбитраждар табиғаты жағынан құпия сипатқа ие. Сол себепті бұл ақпаратты сіздерге растай да, жоққа шығара да алмаймын. Бірақ БАҚ-та жарияланған ақпараттарға қарағанда, Қазақстанға 2-ден 4 млрд долларға дейін берілуі керек-мыс. Бұл жаңалықтарды өте жақсы деп бағалар едім. Тиісінше, бұл жаңалықтар негізінде біздің мүмкіндіктер өте жоғары», – деді ол.
Лондондағы халықаралық төрелік соты Қарашығанақ кен орнын игеретін акционерлер мен Қазақстан үкіметі арасындағы дауға қатысты шешім шығарды. Енді акционерлер қазақ үкіметіне 2-4 млрд доллар көлемінде өтемақы төлеуі мүмкін. Бұл туралы Bloomberg жазды.
Дауға төрелік еткен сот Қазақстан үкіметінің ұстанымын қолдап шықты. Астана Қарашығанақ жобасындағы серіктестерін өнімді бөлу туралы келісім бойынша өтемақы төленбейтін шығындардың бір бөлігін негізсіз өтеді деп айыптап отыр.