Монополия орнатқан: министр авиакеросин бағасы неге қымбат болғанын түсіндірді

Энергетика министрі Ерлан Аккенженов мәжіліс куларында авиаотын бағасы неге қымбат болып келгенін түсіндірді. Оның айтуынша, әуежайлар ұшаққа отынды өздері құйып, монополия орнатып алған. Енді бұл құқық «ҚазМұнайГаз-Аэро» компаниясына берілген.
Ең алдымен министр энергетика саласында қордаланған мәселе көп екенін мойындады.
«Энергетикада шынымен де проблемалар бар және мен бұл фактіні мойындауым керек. Министрлік мемлекет сенімін ақтау үшін барлық қажетті жұмыстарды жүргізіп жатыр, бірақ проблемалардың барын жоққа шығара алмаймыз», – деп мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, бағаның жоғары болуына әуежайлардың әуе отынын сатуға монополиялық құқығы себеп болған. Бұрын тек әуежайлар «құйып беру» әдісі арқылы ғана жанармаймен қамтамасыз ететін, бұл нарықта бәсекенің жоқтығына әкеліп соққан.
«Қазір бұл шектеу алынып тасталды: «ҚазМұнайГаз-Аэро» тікелей әуежайда ұшақтарға отын құю құқығын алды. Бұл шара бағаны дереу төмендетуге мүмкіндік берді: бұрын тоннасына 1200–1250 доллар болған баға 940 долларға дейін түсті, мақсатымыз оны 890 долларға дейін арзандату», – деді министр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында авиакеросин бағасының тым жоғары екенін сынға алып, бұл жағдайды «абсурд» деп атады. Президенттің сын-пікірінен кейін шетелдік әуе компаниялары үшін әуе отын бағасы 20%-ға төмендеген.