Алматы облысында ҰҚК әкім орынбасарын ұстады

Алматы облысы Іле ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары Қуат Ақшабаевқа қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Ақпаратты KursivMedia тілшісіне Ұлттық қауіпсіздік комитеті растады.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Ақшабаевты ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі ұстағаны туралы ақпарат пайда болды. Ол жерде шенеуніктің 28 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінгені айтылды.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын растады. Алайда қай бап бойынша іс қозғалғанын нақтыламады.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.
Ал Іле ауданы әкімдігі Қуат Ақшабаевтың 16 қаңтарда өз еркімен қызметінен кеткенін хабарлады.
«Қуат Ақшабаев ұсталғанға дейін өз еркімен қызметінен босату туралы өтініш берген. Ол аудан әкімінің орынбасары лауазымынан босатылған және қазіргі таңда бұл қызметті атқармайды», – деп мәлімдеді әкімдіктің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, бұған дейін Іле ауданының әкімі болған Бағдат Қарасаев лауазымдық өкілетін теріс пайдаланғаны және заңсыз кәсіпкерлік қызметке араласқаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 3 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды.