«Еденді тілімен жалауға мәжбүрлейді»: депутат күмәнді тренингтер жайлы айтты

Фото: ашық дереккөзден
Қазіргі таңда Қазақстанда кейбір психологиялық және мотивациялық тренингтердің құны 50 мың теңгеден 200 мың теңгеге дейін жетіп отыр. Алайда жарнамасы жер жарған мұндай курстар азаматтарға пайдадан гөрі рухани, психологиялық және қаржылық зиян келтіріп жатыр. Мұндай мәліметтерді «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлы депуттаттық сауалы барысында келтірді.
Депутаттың айтуынша, бүгінде vybor.kz интернет платформасы арқылы белсенді жарнамаланатын MINDFULNESS оқу орталығы үш сатылы офлайн және онлайн курстарды ұсынады. Атап айтқанда:
- жалпы курс – 50 мың теңге;
- трансформациялық курс – 95 мың теңге;
- көшбасшылықты дамыту курсы – 150 мың теңге;
- онлайн форматтағы «эмоционалдық еркіндік» курсы – 200 мың теңгеге дейін барады.
Сонымен қатар «креативті ойлау», «тиімді коммуникация», «шешен сөйлеу» секілді дағдыларды тегін немесе жеңіл жолмен үйретеміз деп уәде беретін орталықтар да аз емес. Олардың қатарында шетелдік атаулармен жұмыс істейтін «Вектор», «Лидер-мотиватор» секілді ұйымдар бар.
Алайда мұндай орталықтардың жұмыс істеу әдісі ұқсас. Қатысушылардың айтуынша, тренинг барысында телефондар жиналып алынып, психологиялық және моральдық қысымға негізделген тәсілдер қолданылады. Жеке кеңістікке қол сұғылып, адамның санасына біртіндеп ықпал ету жүзеге асады.
«Курстың алғашқы кезеңінде қатысушыларды көпшілік алдында жеке мәселелерін ашық айтуға мәжбүрлейді. Бірі жылайды, бірі айқайлайды, бірі күледі, бірі билейді. Тіпті кейбіріне еденді тілімен жалау, бір-бірінің түкірігін ішкізу сияқты айтуға
ауыз бармас сорақы әрекеттер жасатады», – делінген мәселе көтерген тараптың мәлімдемесінде.
Депутат атап өткендей, екінші курста жағдай одан әрі ушығады. Қатысушыларға әлеуметтік рөлін өзгерту, қоғамда қалыптасқан мінез-құлық нормаларына қайшы әрекеттер жасау талап етілетіні айтылды. Яғни, ер адамға әйел киімін киіп, көшеде жүру тапсырылуы мүмкін немесе өзін «бомж» кейпіне салып, қоқыс маңында тамақ жеу талап етіледі.
«Курс аяқталғаннан кейін де қысым тоқтамайды. Қатысушыларға міндетті түрде бірнеше адамды курсқа тарту талабы қойылады. Бұл талап орындалмаған жағдайда қорқыту, психологиялық қысым көрсету, жеке мәліметтерді жариялаймыз деп үрей туғызу жағдайлары орын алуы мүмкін. Мұндай әрекеттерді тренинг емес, деструктивті сипаттағы құрылым ретінде қарастыру керек», – дейді Жарқынбек Амантайұлы.
Депутат талабы
Осыған байланысты депутат Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға және Бас Прокурор Берік Асыловқа бірқатар ұсыныс білдірді. Атап айтқанда:
- тренингтердің бағдарламалық мазмұны мен әдістемелеріне ресми тексеру жүргізу;
- азаматтарды қорлау, психологиялық қысым көрсету, мәжбүрлеу белгілеріне құқықтық баға беру;
- тренингтік курстарды лицензиялау және мемлекеттік реттеу тетіктерін енгізу ұсынылды.
Еске салайық, енді Еnbek.kz платформасындағы кәсіби стандарт негізінде сертификатталған коуч-тренерлердің тізілімі (реестрі) жасалады.