Әйелімен ажырасқан ер адамды бұрынғы қайын жұрты тонап кетті

Қырғызстанның Шу облысының Ысык-Ата ауданында біреулер ер адамды ұрып-соғып, тонап кетті. Бұл туралы облыстық ІІД хабарлады.
Kaktusmedia ақпаратына қарағанда, 25 қаңтарда 1946 жылы туған тұрғын Ысык-Ата аудандық ішкі істер бөліміне арыздануға келген. Ол 24-тен 25 қаңтарға қараған түні, шамамен сағат 00:30-да белгісіз біреулер үйіне басып кіріп, қол-аяғын байлап, соққыға жыққанын айтқан.
Содан кейін сейфінен 165 мың сом және телефон ұрланған.
«Қарақшылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Күдіктілер ретінде 1995 жылы туған Б.М., 1995 жылы туған Ж.А. және 1978 жылы туған Р.М. ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Тергеу нұсқасы бойынша, күдіктілер – бұрынғы әйелінің туыстары. Ерлі-зайыптылар қазір ажырасқан.
Ақпаратқа қарағанда, күдіктілер сейфте көп ақша бар деп ойлаған. Бұл қаражат жер учаскесін сатудан түскен. Алайда, шын мәнінде, ақшаның көп бөлігі депозитке салынған екен.
Айта кететін жайт, Алматыда танысу сайттары арқылы ер адамдарды алдап, тонап келген күдіктілер тобы ұсталды.