Энергетика министрі айлығы қанша екенін айтты

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәжілістегі брифингте өзінің жалақысы мен бір жылда декларацияланған табысының мөлшерін айтты
Журналистердің сұрақтарына жауап берген министр былтыр жалғыз табыс көзі жалақы болғанын мәлімдеді.
«Егер тек жалақы туралы айтатын болсақ, менің ай сайынғы жалақым шамамен 1 миллион 200 мың теңгені құрайды. Бізде сыйақы төлемдері де бар, сондықтан олардың барлығы (декларацияда – ред.) көрсетілген», – деді Ақкенженов.
Оның айтуынша, бір жылдағы декларацияланған жалпы табыс көлемі 20 миллион теңгеден сәл асқан.
Бұған дейін Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов декларациясында өз табысын нөл деп көрсеткен. Ал оның жұбайы 2024 жылы 24,9 млн теңге табыс тапқанын мәлімдеген.
Президент көмекшісі Қуанышбек Есекeeв те жылдық табысын көрсетпеген. Оның жұбайы Мадина Бектұрғанова 48 млн теңге көлемінде кіріс жариялаған.
Президенттің кеңесшісі Алексей Цой да декларациясында нөлдік табыс көрсеткен. Ал жұбайы Жанна Цойдың жылдық кірісі 1 млн теңгені құраған.
Сондай-ақ Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Батыржан Байжұманов табысының болмағанын мәлімдесе, жұбайы 2,6 млн теңге кіріс көрсеткен.
Сонымен қатар вице-министрлер мен дипломаттардың әйелдері де 2024 жылға декларация тапсырған.
Министрлерден тек Серік Жұманғариннің табысы ашық жарияланған. Ал Алматының экс-әкімі, қазір ҚР Президентінің Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқаратын Ерболат Досаев декларациясында 2024 жылы (әкім болып тұрған кезінде) 14 млн теңге табыс тапқанын көрсеткен. Ал жұбайы Гүлнар Досаева сол жылы 2,3 млрд теңге кіріс алған. Бұл туралы Ақорда сайтындағы декларация мәліметінде жарияланған.