Депутат аграрлық мамандықтағы студенттердің шәкіртақысын ұлғайтуды ұсынды

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: kursiv.media мұрағаты

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов агроөнеркәсіп кешені мен ветеринария саласындағы кадр тапшылығын айтып, премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады.

Депутаттың сөзінше, ауыл шаруашылығы мен ветеринариядағы білікті мамандардың жетіспеушілігі елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен әлеуметтік тұрақтылығына тікелей әсер етіп отыр. Соңғы 10 жылда мемлекеттік білім беру гранттарының жалпы саны 2,5 есеге артқанымен, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» мен «Ветеринария» бағыттарына бөлінетін гранттардың үлесі 8,5 пайыздан 4,2 пайызға дейін қысқарған.

«Атап айтқанда, 2025 жылы «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» бағыты бойынша мемлекеттік білім беру гранттарының саны 16 пайызға (2024 ж. – 2331, 2025 ж. – 1969), оның ішінде өсімдік шаруашылығы – 37 пайызға (2024 ж. – 600, 2025 ж. –376), мал шаруашылығы – 23 пайызға (2024 ж. – 500, 2025 – 384) қысқарды. Аталған салалар ауыл шаруашылығының негізгі бағыттары болғанына гранттар саны жыл сайын азаюда», – дейді депутат.

Депутаттың пікірінше, қазіргі таңда аграрлық және ветеринариялық мамандықтарда оқитын студенттердің шәкіртақысы – 52 мың теңге. Бұл педагогикалық және медициналық бағыттармен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Сондай-ақ бұл Президенттің агроөнеркәсіп кешенін экономиканың негізгі драйверіне айналдыру жөніндегі тапсырмаларына қайшы келіп отыр.

Осыған байланысты депутат Үкіметке бұл бағыттағы гранттар санын арттыруды, студенттердің шәкіртақысын педагогика және медицина деңгейіне жеткізуді және Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің 2026–2030 жылдарға арналған даму бағдарламасын жедел бекітуді ұсынды.

Сондай-ақ оқыңыз