Атырауда 62 бала ауруханада қызылша жұқтырған

2025 жылдың қазан айында басталған эпидемиологиялық маусымнан бері Атырау облысында 304 адам қызылша жұқтырғаны тіркелді.
Zakon.kz ақпаратына қарағанда, соның ішінде 62 бала инфекцияны медициналық мекеменің ішінде жұқтырған.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, ауруханаішілік жұқтыру ошағы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында анықталған. Балалар жедел респираторлық-вирустық инфекция белгілерімен емдеуге қабылданып, терапиядан өткен соң үйіне шығарылған.
Алайда біраз уақыттан кейін дәл сол медициналық мекемеге қызылша диагнозымен қайта түскен.
Атырау облысы СЭБД басшысының орынбасары Гүлназ Ирбатырованың айтуынша, жағдай алаңдатарлық сипат алған. Өңірде апта сайын 20-ға дейін жаңа жағдай тіркеліп отыр.
«Алғашқы сырттан әкелінген жағдай қазан айында анықталды. Негізінен 7 жасқа дейінгі балалар ауырып жатыр. Әсіресе 1 жасқа толмағандар көп. Бір жасқа дейінгі балалар арасында 65 жағдай, 1 – 4 жас аралығында 150 жағдай тіркелді. Ауырғандардың басым бөлігі вакцина алмаған. Тоғыз бала жансақтау бөлімінде болды. 62 жағдай – бұған дейін ауруханада ЖРВИ, жедел ішек инфекциясы, тонзиллит диагноздарымен ем қабылдаған балалар. Бастапқы белгілері ұқсас. Басты айырмашылығы – бөртпенің пайда болуы», – деді Ирбатырова.
Аурушаңдықтың өсуіне байланысты өңірде модульдік ауруханада қосымша төсек-орындар ашылған. Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының басшысы Нұрбек Үкібаевтың айтуынша, науқастарды бөлек орналастыру тәжірибесі сырқат саны артқаннан кейін ғана енгізілген.
Мұның алдында Щучинскідегі әскери колледжде 66 кадеттің қызылша жұқтырғаны анықталды.