Шымкенттегі мектептерде 1600-ден аса жұмыс орны бос тұр

Жарияланды
Шымкенттегі мектептерде 1600-ден аса жұмыс орны бос тұр / Фото: tobolinfo.kz

Шымкентте білім саласында 2 063 жұмыс орны бос. Оның 1 165-і мектептерге тиесілі. Қала әкімінің орынбасары әрі ресми өкілі Сәрсен Құранбектің «Көрме» орталығында өткен баспасөз мәслихатында айтуынша, педагогтың апталық жүктемесі – 16 сағат. Еңбек кодексімен бір жарым ставкада жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Яғни, мұғалімнің апталық сағаты 24 сағаттан аспауы керек. Дегенмен қалада заң талаптарын белден басқан мектептер анықталған.

«83 мектепте 1286 педагогтың жүктемесі артық болған. 2 мыңға жуық жасырып және жарияланбаған бос жұмыс орны болған. Жалақысы төмен, кіші қызметкерлерге өңірлік үстеме беріледі. 211 мекемеде 2845 қызметкерге осы үстемені беру тәртібі бұзылған. Кейбіріне мүлде берілмеген, енді біріне жартылай берілген, енді біріне тиесілі болмаса да беріліп келген. Нәтижесінде, 700 млн теңгеден астам артық үстеме төленген», – дейді қала әкімдігінің ресми өкілі.

Әкімдік бұл ақшаның бәрін бюджетке қайтару туралы құзырлы органдарға хат жолдаған. Ресми өкілдің сөзінше, мысалы, бір мектепте директордың екі орынбасарының қызметін бір маман атқарған. Сәрсен Құранбектің пікірінше, мәселе маман тапшылығында емес. Мекемелердің жұмыс орнын жасырып қалуында, саланың бақылаудан шығып кетуінде дейді ол.

«Математикадан – 104 мұғалім, бастауыш пәні мұғалімі – 83, тарих пәнінің мұғалімі – 61, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі – 41 жетіспейді. Бізде педагогтар жетіспейді деген сөз емес. Олар жеткілікті, жұмысқа орналасқысы келеді. Тек өкініштісі осы саланың бақылаудан тыс қалып қойғанының кесірінен, мекеме басшыларының өздерінің функционалдық міндеттерін дұрыс атқармауынан осындай жағдайға тап болып отырмыз», – деді Сәрсен Құранбек.

Ресми өкіл енді бәрі заң шеңберінде шешілетінін айтады. Қалада «мектептерде қысқарту жүріп жатыр» деген қауесет – жалған. Бұл ақпараттың шығу төркіні мұғалімдерге заңсыз бөлінген сағаттарға байланысты.

«Біз қажетті деңгейде бақылау жасай алмадық. Бұған бәріміз кінәліміз: осы саланы бақылаушы ретінде мен, білім басқармасы, бухгалтерлік қызмет көрсеткен «Азия Сервис» мекемесі. 24 сағаттан артық жүктеме берілмеуі керек еді. Ал бізде, тіпті бір мектепте мұғалімге 78 сағат жүктемесін берген. 1,2 млн теңге айлық жалақы алған мұғалімдер болды. Мектеп директорлары бақылаудың әлсіздігін пайдаланып қалай жасағысы келді солай жасады. 75-80 жастағы мұғалімдер кездесті. Олардың ішінде 48 сағатпен жұмыс істегендер болды», – дейді қала әкімінің орынбасары.

Бұл шикілік анықталғанға дейін қаладағы бірде бір мектептен мұғалім, не өзге маман жетіспеушілігі жөнінде білім басқармасына хабар берілмеген. Ендігі кезде мұндайға жол берілмейді деп сендіреді ресми өкіл. Бос орындарға мамандар қабылданады.

Сондай-ақ оқыңыз