1,1 миллионнан астам ауыл оқушылары үшін оқу жағдайлары жақсарды – министрлік

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
2023–2025 жылдары 2 752 мектеп үшін 4 320 пәндік кабинет сатып алынды / фото: ЖИ арқылы жасалған
2023–2025 жылдары 2 752 мектеп үшін 4 320 пәндік кабинет сатып алынды / фото: ЖИ арқылы жасалған

2023-2025 жылдары елімізде шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдық елдімекендерде орналасқан 3 008 мектепке ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілген.

Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, модернизация қала және ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтуға, сондай-ақ балаларға білім мен тәрбие беру үшін жайлы жағдай жасауға, материалдық-техникалық базаны күшейтуге бағытталған.

«Осы жұмыстар аясында мектептерге күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізіліп, заманауи пәндік кабинеттер сатып алынды. Мектеп жиһаздары жаңартылды. Кітапханалар мен асханалар жаңғыртылды. Сондай-ақ қауіпсіздік жүйелері күшейтілді», – делінген хабарламада.

Қанша мектеп жөндеуден өтті?

2023–2025 жылдардың қорытындысы бойынша:

  • 369 мектепте күрделі жөндеу жүргізілді;
  • 1 817 мектепте ағымдағы жөндеу жасалды;
  • 2 917 пәндік кабинет сатып алынды;
  • 1 697 мектепте жиһаз жаңартылды;
  • 2 413 мектептің кітапханасы жаңғыртылды;
  • 1 401 мектептің асханасы жаңартылды;
  • 1 705 мектепте қауіпсіздік жүйелері күшейтілді.

Пәндік кабинеттер есебі

2023–2025 жылдары 2 752 мектеп үшін 4 320 пәндік кабинет сатып алынды, оның ішінде:

  • 2023 жылы – 1 072 мектеп (1 507 кабинет);
  • 2024 жылы – 920 мектеп (1 621 кабинет);
  • 2025 жылы – 760 мектеп (1 192 кабинет).

«Бұл жұмыстардың нәтижесінде еліміз бойынша 1,1 млн-нан астам оқушының оқу жағдайы жақсарды. Бұдан бөлек мектеп инфрақұрылымының бірыңғай заманауи форматына көшу үшін 2029 жылға дейін 1300-ге жуық мектепті реновациялау бағдарламасы басталды», – делінген хабарламада.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын таныстырды. Бұл бағдарламаға бюджеттен 1,3 трлн теңге бөлінген.

Сондай-ақ оқыңыз