ERG компаниясы өз акционерлерінің бірі 40 пайыз акциясын сатып жатқанын жоққа шығарды

ERG компаниясы өз акционерлерінің бірі 40 пайыз үлесін сатқаны жөнінде тараған ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды. Бұл туралы компанияның өкілдері Кursiv.Media-ға берген жауабында мәлімдеді.
«Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Егер акционерлер құрылымында қандай да бір өзгеріс орын алса, компания өз стейкхолдерлерін уақтылы хабардар ете отырып, бұл туралы ресми мәлімдеме жасайды», – деп хабарлады ERG өкілдері.
Бұған дейін бірқатар дереккөздер ERG-дегі Александр Машкевич пен Патох Шодиевке тиесілі 40 пайыздық үлес Integra Construction компаниясының иесі Шахмұрат Мүтәліпке сату жөніндегі келісім аяқталғанын хабарлаған.
Сонымен қатар Мүтәліп «Алтыналмас» тау-кен өндіру компаниясындағы үлесті сатып алуды жоспарлап отырған көрінеді.
ERG акционерлік құрылымына келсек, компанияның 40%-ы Қазақстан Үкіметіне тиесілі. Қалған үлестің 20,7%-ы Ибрагимовтер отбасы, сондай көлемдегі акция марқұм Александр Машкевичтің мұрагерлерінің иелігінде. Патох Шодиев 18,6%-ын иеленеді.