«Сылтауы бітпейді»: сенатор жер комитетін сынға алды

Сенатор Андрей Лукин елдің инвестициялық тартымдылығының азаюына ең алдымен мемлекеттік органдардың селқостығы себеп болып отыр деп есептейді.
Үкіметке жолдаған сауалында депутат Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті тарапынан орын алатын негізсіз бас тартуларға назар аударды.
Лукиннің сөзінше, комитет жобаларды «егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына немесе жер санатына сәйкес келмейді» деген сылтаумен инвестициялық келісімшарттарды келісуден бас тартады. Алайда мұндай шешімдер қала құрылысы заңнамасын ескермейді. Заң бойынша негізгі құжат бас жоспар болып саналады, ал ЕЖЖ-ға түзетулерді инвестициялық келісімшарт жасалғаннан кейін де енгізуге болады.
«Инвестициялық келісімшарттар жасалғаннан кейін де заң бұзушылықтарға жол беріледі. Әкімдіктер жер телімдерін беру және жалдау шарттарын жасасу туралы өтінімдерді қарау мерзімдерін сақтамайды. Өтінімдерді қараудан бас тарту немесе инженерлік инфрақұрылымды жүргізу мерзімдерін созу фактілері кездеседі. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы заңда көзделмеген талаптар қояды. Бұл нысандарды пайдалануға беру актілерін тіркеуден бас тартуға әкеп соғады. Сондай-ақ табиғи монополия субъектілерінің инженерлік желілерге қосудан негізсіз бас тартуы және инвесторларды заңсыз әкімшілік жауапкершілікке тарту жағдайлары тіркелген», – деді Андрей Лукин.
Сонымен қатар сенатор Инвестициялар комитетінің «бір терезе» қағидаты бойынша инвесторларды мемлекеттік қолдау және сүйемелдеу функцияларын үстірт орындайтынын атап өтті. Міндеттемелердің орындалуы неліктен кешігіп жатқанына талдау жасалмайды. Ал келісімшарттарды бұзу туралы шешімдер көбіне біржақты қабылданады.
2024 жылдан бастап 26 инвестициялық келісімшартты бұзу жоспарланған. Атап айтқанда, оның ішінде ұзаққа созылған процедуралар, инфрақұрылым мәселелері мен инвесторлардың кінәсінен болған жағдайлар бар. Жалпы алғанда, инвесторлар тұрақты мониторингтің жоқтығын және орталық әрі жергілікті атқарушы органдарға ықпал ететін тиімді тетіктердің аздығын айтады.